Петропавловск
+21°C
Главная страница » Туризм » СҚО әкімі туристік аймақтардағы инфрақұрылым жағдайын сынға алды

СҚО әкімі туристік аймақтардағы инфрақұрылым жағдайын сынға алды

July 21, 2025 09:58

СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапары аясында Айыртау ауданына барып, Шалқар көліндегі туристік нысандарды аралап шықты. Демалыс базаларының иелерімен кездесу барысында өңір басшысы олардың қазіргі жай-күйі туралы ақпарат тыңдап, инфрақұрылымға қатысты бірқатар кемшіліктерге назар аударды, деп хабарлайды QZ NEWS.

«Мемлекет басшысының курорттық аймақтарды дамыту жөнінде тапсырмасы бар. Туристер тарапынан шағымдар түсіп жатыр — құтқару бекеттері, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару, аумақты абаттандыру секілді мәселелерді шұғыл шешу керек. Адамдар демалыс үшін ақша төлейді, сондықтан сапалы қызмет алуға құқылы», – деп атап өтті СҚО әкімі.

Ғауез Нұрмұхамбетов Имантау-Шалқар курорттық аймағын дамытуға мемлекет тарапынан елеулі инвестициялар тартылып жатқанын айтты: кіреберіс жолдар жөнделіп, электрмен қамту мәселесі шешіліп, байланыс пен интернет сапасы жақсаруда. Осыған байланысты туристік базалардың иелеріне анықталған кемшіліктерді жою және демалушылардың ұсыныстарын ескеру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Өңірде туристік инфрақұрылымды жақсарту бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда: жағалау аумақтары абаттандырылып, жағажайлар жабдықталуда, бейнебақылау камералары орнатылып, өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келу қамтамасыз етілуде. Ерекше назар тазалыққа, қауіпсіздікке және нысандардың қолжетімділігіне аударылуда. Барлық шаралар бизнес қауымдастықпен және инвесторлармен тығыз байланыста жүзеге асырылуда.

Shares