Петропавлда «Жаңа жылдық қаз» атты ауқымды фестиваль өтті

Петропавлдың орталық алаңында сенбі күні қысқы мереке ерекше атмосфераға толы болды. Облыс орталығының тұрғындары үшін «Ауыл» партиясы мен СҚО әкімдігі «Жаңа жылдық қаз» фестивалін ұйымдастырып, үлкен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізді. Конституция көшесінде шаттық пен қуанышқа толы мереке болды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Облыс аудандарынан келген және Петропавл қаласының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен өңдеу кәсіпорындары 60 тоннадан астам өнім ұсынды. Тауарлар қолжетімді бағамен – нарықтағыдан 10-15% төмен бағада сатылды. Агрожәрмеңкеде ет және шұжық өнімдері, сүт пен сүт тағамдары, бал және ара шаруашылығы өнімдері, жұмыртқа сатылды.

«Негізгі идея – агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына ықпал ететін алаңдарды қалыптастыру. Мұнда өндірушілер де, тұтынушылар да жиналды. Бұл – халықтың мерекесі, оның мақсаты – біріктіру, көтеріңкі көңіл сыйлау және адамдар арасындағы достықты нығайту», – деді «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Ғалымжан Құсманғали.
Фестивальдің ерекшелігі түрлі тұқымды қаздар болды. Облыс орталығы тұрғындарына арналған бұл мереке «Ауыл аманаты» бағдарламасының нәтижесі. Биыл ауыл тұрғындарына жас қаздар түріндегі тауарлық несие берілді. Маусым айында 128 ауыл тұрғынына 13 205 бас құс таратылды.

СҚО Қызылжар ауданынан келген жеке кәсіпкер Инна Клюева өз бренді мен кәсібін дамытуда 10 жыл еңбек етіп келеді. Ол қаз, үйрек, бройлер және күркетауық өсіреді. Инна мұндай жәрмеңкелерге тұрақты қатысып, тұтынушыларға табиғи өнімдер ұсынады.
«Мен барлық жәрмеңкелерге қатысамын. Бізді үнемі шақырады. Біздің құс – сапалы. Өңдеу әрдайым қолмен жасалады. Тек жас құстар, бәрі жаңа – сатып алушыларымызды ешқашан жерге қаратпаймыз. Осындай жәрмеңкені ұйымдастырғандарыңызға үлкен рақмет! Кәсіпкерлікпен 10 жыл айналысамын, бірақ өмір бойы үйде құс ұстадық», – деді Инна Клюева.

Фестиваль концерттік бағдарламамен жалғасты. Петропавлдықтар Орталық алаңда жайлы ортада көңіл көтерді.
