Әбу-Әли Саттар: «Құқық бұзушылықтар туралы хабарлаңыздар – сіздердің белсенділіктеріңіз өңірімізді қауіпсіз әрі қуатты етеді»

Солтүстік Қазақстан облысы прокурорының бірінші орынбасары Әбу-Әли Саттар «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасының негізгі қағидаттарын түсіндіріп, оның жүзеге асуы күнделікті мінез-құлық мәдениетінің қарапайым элементтерінен басталатынын және өңірдің экономикалық дамуына тікелей әсер ететінін атап өтті, деп хабарлайды QZ NEWS.
Әбу-Әли Саттар Тұжырымдаманың басты идеясы – қоғамда заңға бағыну мәдениетін қалыптастыру екенін айтты.
«Бұл ең алдымен мінез-құлық мәдениетінің қарапайым элементтерінен басталады: қоғамдық орындарда қоқыс тастамау, түкірмеу, бейәдеп сөз айтпау, даулы жағдайларды мәдениетті жолмен шешу, отбасылық зорлық-зомбылыққа жол бермеу, отбасында және қоғамда қолайлы ахуал қалыптастыру. Мысалы, егер өңірде қылмыс деңгейі жоғары болып, заңдар тұрақты түрде бұзылатын болса, ол жаққа инвестиция келмейді, отбасылар көшіп бармайды, туристер келмейді. Өңір біртіндеп өз әлеуетін жоғалтады. Ал жағдай керісінше болса: заңдар сақталса, тәртіп орнаса, мемлекеттік органдар ашық әрі тиімді жұмыс істесе – өңір дамиды. Жаңа жұмыс орындары ашылады, бизнес өседі, туристер саны артады, инвестициялар тартылады, адамдар өздерін қауіпсіз сезінеді», – деп жазды СҚО прокурорының бірінші орынбасары әлеуметтік желілерде.
Тұжырымдаманың басты мақсаты – заңның мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету және әрбір құқық бұзушылыққа жедел әрекет ету. Ол үшін бүгінде «ақылды» камералар мен жасанды интеллектіні қоса алғанда, заманауи технологиялар белсенді қолданылып келеді.
«Тұжырымдаманың маңызды бөлігі – құқықтық түсіндіру жұмыстары. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерді қоса алғанда, түрлі құралдар арқылы мемлекеттік органдар азаматтарға заң нормаларын және олардың маңызын түсіндіреді. Баршаңызды бейжай қалмауға шақырамын: заңды сақтаңыздар, қоғамда және отбасында тәртіпті қолдаңыздар. Құқық бұзушылықтар туралы хабарлаңыздар – сіздердің қатысуларыңыз өңірімізді қауіпсіз әрі қуатты етеді. Бірге қоғамымызды қауіпсіз етейік», – деп жазды Әбу-Әли Саттар.
