Петропавл тұрғындарына цифрлық сауаттылық туралы ақпараттандырылды

Петропавл қаласындағы «Дария» базарында нашақорлыққа, алаяқтыққа, терроризм мен экстремизмге қарсы «Адал полицей» профилактикалық акциясы өтті, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Акция барысында қала тұрғындарына құқықтық және цифрлық сауаттылық жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Іс-шараны өткізу үшін қалалық ЖРО еріктілері, полиция қызметкерлері және облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының мамандары бірікті. Олар бірлесіп брошюралар таратып, Петропавл тұрғындарына қауіпсіздік шаралары туралы айтып берді.

«Бұл іс-шараның мақсаты – қызметкерлердің құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыру, алаяқтыққа қарсы тұрудың тұрақты дағдыларын қалыптастыру және азаматтарды заңсыз әрекеттерге тарту қаупін азайту», – деп атап өтті қалалық ЖРО өкілдері.
«Адал полицей» акциясы өңірде алғаш рет өткізіліп отырған жоқ. Алдын алу мақсатында еріктілер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері қаладағы сауда орындарын тұрақты түрде аралап тұрады.

