Қазақстанның әскери қызметшілеріне пойыздарда тегін жол жүру құқығы беріледі

Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері теміржол көлігімен тегін жүру құқығына ие болады. Ұлттық ұланда жаңа әлеуметтік жеңілдік таныстырылды, деп хабарлайды QZ NEWS «NewTimes.kz» ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының барлық күштік құрылымдарының әскери қызметшілері мен олардың отбасы мүшелері жылына бір рет ел аумағында жолаушылар пойыздарын тегін пайдалана алады. Бұл бастама әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және отбасымен бірге сапарға шығу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған», — деп хабарлады Ұлттық ұлан өкілдері.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ Экономика және тасымалдарды есепке алу департаментінің бас менеджері Айнұр Базарбаева тегін жол жүру құқығы тек Қазақстанның ішкі бағыттары бойынша қатынайтын жолаушылар пойыздарына ғана қолданылатынын атап өтті. Тиісті шығындар «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қаражаты есебінен өтелетін болады.
