СҚО-ға Еуропадан 165 бас асыл тұқымды сиыр жеткізілді

Солтүстік Қазақстан облысы елдің сүт өндірісіндегі көшбасшы мәртебесін нығайтуды жалғастыруда. М. Жұмабаев ауданына жоғары өнімді голштин тұқымының кезекті партиясы келді – Германиядан әуе қатынасы арқылы 165 сиыр жеткізілді, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Жануарлар «СК Агро 2050» ЖШС-нің мал басын толықтырады. Бұл жоба өңірдегі ең ауқымды бастамалардың бірі: кешен 10 мың бас ірі қара малға есептелген, жылдық жобалық қуаты – 30 мың тонна сүт.
«Іріктеуді Германиядағы төрт фермада өзіміз жүргіздік, – дейді СТФ меңгерушісі Владимир Сергеев. – Нақты зоотехникалық белгілерге мән бердік: арқасының түзу болуы, аяқтарының дұрыс қойылуы. Чехиядағы карантиннен және ұшып келгеннен кейін жануарлар өздерін өте жақсы сезінеді. Бұл тұқым біздің жағдайымызда тәулігіне 40 литрге дейін сүт бере алады».
Ферманың дамуына «СҚО тәжірибесін тираждау» бағдарламасы ықпал етті. Бағдарлама аясында 44 агрожобаны қолдауға 40 млрд теңге бөлінген. Серіктестік директоры Николай Кляйн қаңтардағы аязға қарамастан малдың бейімделуі жақсы екенін, ал жемшөп базасы кәсіпорында 100% қамтамасыз етілгенін атап өтті.
«СҚО-да бұл тұқыммен айналысатын ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері бар, сондықтан біз дәл осы тұқымды таңдадық. Біздің ферма 3600 сауынды малға есептелген, ал толық қуттылықта – 10 мың басқа дейін», – дейді Николай Кляйн.
Бүгінде облыста 50 заманауи тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді. Жаңа әкелім 2026 жылғы екінші жеткізілім болып, өңірдің импортқа тәуелділігін азайту бағытындағы жүйелі жұмысты тағы да растады.
