Ғауез Нұрмұхамбетов «Севказэнерго» ұжымымен энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін талқылады

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов «Севказэнерго» АҚ-на барып, еңбек ұжымымен инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері мен жаңа конституциялық реформаның әлеуметтік аспектілерін талқылады. Энергетикалық кешен өңірдің тыныс-тіршілігінің негізі болып қала береді және мыңдаған тұрғынның жайлы өмір сүруін қамтамасыз етіп отыр, деп хабарлайды QZ NEWS.
Компания кәсіпорындары жоғары тиімділік пен сенімділікті көрсетуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясын өндіру көлемі 2,5 миллиард кВт•сағатқа жетті. Бұл көрсеткіштер өңірдің өнеркәсіптік өсімге дайын екенін және жылыту маусымдарын тұрақты өткізуге мүмкіндігі бар екенін айқындайды.

Кездесу барысында жаңа Конституция аясында саланы дамыту мәселелеріне де ерекше назар аударылды.
Құжатта мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігі, азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау және қоршаған ортаға ұқыпты қарау сияқты негізгі қағидаттар бекітілген. Энергетика саласының сенімді жұмысы осы қағидаттардың жүзеге асуымен тікелей байланысты, өйткені ол халықтың өмір сапасына, экономиканың тұрақтылығына және өңірдің орнықты дамуына ықпал етеді.

