Kozybayev University екінші корпусындағы студенттер дауыс беруге ұлттық киім киіп келген

Бүгін Kozybayev University екінші корпусында ерекше эстетика мен шынайы патриотизм атмосферасы орнады. №580 сайлау учаскесі қазіргі саяси процестер мен мәдени мұраның тығыз тоғысу орнына айналды. Ұлттық оюмен әшекейленген киім киген жастар мереке мен бірлік сезімін көрсетіп, ерекше атмосфера қалыптастырды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
№580 референдум учаскесіне Петропавлдан 2442 тұрғын тіркелген. Олардың ішінде шамамен 700 студент бар. Алғаш рет дауыс беретіндер саны — 10 адам. Олардың кейбірі университеттің екінші корпусына ұлттық киімдерде келді.
Студенттердің айтуынша, бұл қадамға оларды Отанға деген сүйіспеншілік пен азаматтық борыш сезімі итермеледі.
«Мен СҚУ студенті ретінде еліміздің болашағы үшін дауыс беруге келдім. Мен18 жасқа толдым, және бүгін алғаш рет дауыс беремін. Менің ойымша, менің дауысым, әрқайсымыздың дауыстарымыз сияқты, ел үшін өте маңызды», — деді Аяжан Нұржан.
Жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдумдағы дауыс беру 20:00-ге дейін жалғасады.
