Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Ғауез Нұрмұхамбетов отбасымен бірге референдумда дауыс берді

Ғауез Нұрмұхамбетов отбасымен бірге референдумда дауыс берді

March 15, 2026 12:00

Петропавл қаласында азаматтардың белсенді дауыс беруі жалғасуда. Облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы ғимаратында орналасқан №595 сайлау учаскесінде тұрғындардың легі байқалады. Мұнда алғашқылардың бірі болып аға буын өкілдері, жақын маңдағы үйлердің тұрғындары және жас отбасылар келді. Сондай-ақ осы учаскеде Ғауез Нұрмұхамбетов те дауыс берді, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Кіреберісте азаматтарды учаскелік комиссия мүшелері қарсы алып, құжаттарын тексеріп, тіркеу үстелдеріне бағыттап отыр. Учаскелік комиссия төрағасы Қанат Сәдуақастың айтуынша, дауыс беру процесі ұйымдасқан әрі тыныш жағдайда өтуде.

«Біздің учаскеде барлығы 1290 дауыс беруші тіркелген, оның ішінде төртеуі — мүмкіндігі шектеулі жандар. Олар үшін барлық қажетті жағдай қарастырылған: пандустар, шақыру батырмасы, лифт және бөлек дауыс беру кабинасы бар. Сонымен қатар компьютер қойылған, онда Конституция жобасымен және дауыс беру нұсқаулығымен аудиофайлдар арқылы танысуға болады», — деді ол.

Учаскеде алғаш рет дауыс беретін азаматтарға да ерекше көңіл бөлінген. Мұнда 23 адам алғаш рет дауыс береді. Олар үшін шағын естелік сыйлықтар дайындалған.

«Бүгін таңертең бірнеше жас алғаш рет дауыс беріп, өз таңдауларын жасады. Қазіргі уақытта дауыс берушілердің шамамен 10 пайызы дауыс берді. Негізінен бұл — аға буын өкілдері және орта жастағы адамдар. Әдетте жастар сәл кейінірек келеді», — деді комиссия төрағасы.

Оның айтуынша, учаскеде жылы әрі достық атмосфера қалыптасқан.

Азаматтарға қолайлы жағдай жасау үшін қосымша қызметтер де ұйымдастырылған: ғимарат ішінде дәмхана жұмыс істейді, ал түстен кейін көшеде концерттік бағдарлама жоспарланған. Бірінші қабатта тұрақтандыру қорынан нарықтағы бағадан төмен бағамен азық-түлік өнімдері сатылуда. Бүгін алғаш рет дауыс бергендердің қатарында Сабина Салтыкова бар. Ол — Kozybayev University университетінің бірінші курс студенті.

«Жақында 18 жасқа толдым, және бұл — өмірімдегі алғашқы референдум. Мен үшін бұл маңызды, өйткені азаматтық борышымды орындап отырмын. Бүгін қабылданатын шешім еліміздің болашағына, сондай-ақ менің жеке болашағыма да әсер етуі мүмкін», — деді ол.

Сабина университетте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алып жатыр және қоғам үшін маңызды оқиғаларға қатысуды азаматтық жауапкершіліктің маңызды бөлігі деп санайтынын айтты.

Бүгін №595 сайлау учаскесінде Ғауез Нұрмұхамбетов пен Серік Мұхамедиев те дауыс берді. Өңір басшысы учаскеге отбасымен бірге келді.

«Бүгін республикалық референдум өтіп жатыр, біз де отбасымызбен бірге келіп дауыс бердік. Бұл бәріміз үшін тарихи оқиға деп ойлаймын. Біз болашақ үшін, балаларымыздың болашағы үшін дауыс беріп жатырмыз. Әр дауыс маңызды. Әр азаматтың таңдауы еліміздің болашағын айқындайды. Сондықтан облыс пен қала тұрғындары референдумға белсенді қатысуы керек», — деді өңір басшысы.

Shares