“Өзіңнен баста” акциясы: Петропавл волонтерлері 90 жастағы тыл еңбеккеріне ауласындағы қарды тазалауға көмектесті

Облыс орталығында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Өзіңнен баста» акциясы өтті. Қаланың белсенді жастары, төтенше жағдайлар қызметінің мамандары мен аумақтық қорғаныс қызметкерлері тазалық пен қамқорлық жолында бір мақсатқа бірікті. Белсенділер жалғыз тұратын зейнеткерлерге көмек көрсетті. Солардың бірі — 90 жастағы тыл еңбеккері Любовь Жабина, деп хабарлайды QZ NEWS.
Петропавл қалалық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Дамир Абдиннің айтуынша, олар Любовь Жабинаға соңғы төрт жыл бойы тұрақты түрде көмектесіп келеді. Қария жеке үйде жалғыз тұрады.
«Біздің басты мақсатымыз — қарттарға олардың жалғыз емес екенін, әрдайым жастар мен волонтерлердің қолдауы бар екенін көрсету. Жыл басынан бері біз қаламыздағы 62 зейнеткерге көмек көрсеттік», — деді Дамир Абдин.
Наурыз мейрамына орай волонтерлер ұлттық киім киіп келіп, ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ олар еңбек ардагеріне бауырсақ әкелді.

Бүгінгі негізгі міндет — ауладағы қарды тазалау болды. Жастар Киевская көшесі, 44 мекенжайында тұратын Любовь Павловнаның моншасы мен бақшасын қардан аршып, көктемгі қар еру кезінде үйді су басу қаупінің алдын алды.

Көмек облыс орталығының басқа да мекенжайларында ұйымдастырылды. Қоғамдық даму ақпарат орталығы мен «Ассамблея жастары» белсенділері Панфилов көшесі, 89 және Молодогвардейская көшесі, 14 мекенжайларында жұмыс жүргізді. Тыл еңбеккері көрсетілген көмек үшін волонтерлерге алғысын білдірді.
«Он жылдан бері жалғыз тұрып келемін. Волонтерлер өздері де келеді, кейде өзім шақырамын — екі-үш адам көмек берсе деп. Бірақ одан да көп болып келеді. Жұмыс әрқашан табылады. Үйді тазалайды, отынды кептіріп, жинайды. Жер қазып, картоп еккен кездер де болды. Не сұрасам да көмектеседі», — деді Любовь Жабина.

Зейнеткерлерге көрсетілетін көмек жүйелі түрде жалғасуда. Ертең волонтерлер Любовь Павловнаға қайта келіп, мерекелік азық-түлік себетін жеткізуді, үйге отын мен көмір кіргізуді, сондай-ақ үй ішін жинастыруға көмектесуді жоспарлап отыр. Мұндай акциялар Петропавлда күн сайын өтеді. Жастар орталығына тұрмыстық көмекке мұқтаж қарттардан күніне екіден беске дейін өтініш түседі.
