Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлдың орталық алаңында гір спортынан жарыс өтті

Петропавлдың орталық алаңында гір спортынан жарыс өтті

March 22, 2026 19:17

Петропавлда Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған ауқымды халықтық шаралар аясында ерекше назар спорт алаңдарына ауды. Мұнда кез келген адам өз күшін сынап, төзімділігін тексере алды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Осындай тартымды орындардың бірі – қалалық балалар мен жасөспірімдердің мектептен тыс жұмыс орталығы ұйымдастырған алаң болды. Ол орталық алаңда, түрлі-түсті киіз үйлер мен концерттік сахналардың, ұлттық тағамдардың хош иісі аңқыған мерекелік ортада орналасты.

Дәл осы жерде гір спортынан жарысқа қатысушылар снарядты қайта-қайта көтеріп, үздік нәтиже көрсетуге тырысты. Алаңдағы атмосфера ерекше әсерлі болды. Көрермендер қатысушыларды ду қол шапалақпен қолдап отырды.

Жарыс барлық ниет білдірушілерге ашық болды, бұл оған ерекше жылылық пен қолжетімділік берді.

Қатысушылар жас ерекшелігіне қарай  16 жасқа дейінгі және 16 жастан жоғары жас санаты бойынша сынға түсті.
Сондай-ақ қыздарға арналған жеке санат қарастырылды. Гір спортының жаттықтырушысы Эдуард Карабашевтың айтуынша, жарыс форматы барынша қарапайым әрі түсінікті болды.

«Жарыс барлық қатысушыларға арналған — 16 жасқа дейін және 16 жастан жоғары топтар бар, қыздар бөлек сынға түседі. 1, 2, 3-орындарға дипломдар табысталады. Ересектер арасында бірінші орын алғандарға нарды сыйлаймыз, ал балаларға гір пішіндес жинақша береміз. Негізгі жаттығу үш минут ішінде бір қолмен серпе көтеру: кім көп көтерсе, сол жеңімпаз атанады», — деді Эдуард Карабашев.

Қарапайым көрінгенімен, бұл жаттығу үлкен физикалық дайындықты ғана емес, мықты рухты да талап етті. Әр минут нағыз сынаққа айналып, төзімділік пен мінез шешуші рөл атқарды. Қатысушылар көрермендердің қолдауымен гірді көтеруді одан әрі жалғастырды.

Әсіресе жас спортшылардың өнері ерекше әсер қалдырды. Ата-аналары мен достарының қолдауына сүйенген олар ересектерден қалыспауға тырысты. Көпшілігі үшін бұл алғашқы маңызды сынақ әрі болашақ спорттық жетістіктерге бастар алғашқы қадам болды.

Осындай жергілікті бастамалар Наурыз мерекесінің жалпы атмосферасын толықтырып, оған мәдени мазмұнмен қатар спорттық серпін қосты. Бұл күні қаланың орталық алаңында әр адам өзіне ұнайтын істі таба алды — ұлттық ойындардан бастап күш сынасатын жарыстарға дейін, мұнда табандылық, күш-қайрат және жеңіске деген ұмтылыс жоғары бағаланды.

Shares