Петропавл қаласының тұрғыны, тыл еңбеккері Лидия Черепанова 100 жылдық мерейтойын атап өтуге дайындалуда

Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев шаһардың ең қарт тұрғындарының бірімен кездесті. Облыс орталығының басшысы биыл 100 жылдық мерейтойын атап өтуге дайындалып отырған тыл еңбеккері Лидия Яковлевна Черепановаға арнайы барып қайтты, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Лидия Яковлевна 1926 жылы дүниеге келген. Оның бүкіл өмірі ел үшін қиын кезеңдерде аянбай еңбек еткен, Отанға деген шынайы сүйіспеншілігі мен қайсарлығының жарқын үлгісі. 2026 жылдың қараша айында ол 100 жасқа толады.
Кездесу барысында Серік Мұхамедиев ардагермен әңгімелесіп, оның өмір жолына шынайы құрметін білдірді. Қала әкімі мерейтой иесіне зор денсаулық, рухының мықтылығын және жақындарының әрдайым қамқорлығы мен ықыласын тіледі.
«Мұндай тағдыр иесімен жүздесу мен үшін үлкен мәртебе. Лидия Яковлевнаға зор денсаулық және жақындарының қамқорлығын тіледім. Осындай жандар — біздің тірі тарихымыз, мақтанышымыз әрі барлық ұрпаққа үлгі», — деді қала әкімі.
