Петропавлда үш ведомство мамандары ерекше қажеттіліктері бар балаларды сүйемелдеудің бірыңғай алгоритмін әзірледі

Білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау саласының мамандары отбасыларды қолдаудың бірыңғай жүйесін құру үшін күш біріктірді. Кеңестің басты мақсаты — баланың даму ерекшеліктерін ерте анықтаудан бастап білім беру бағытын іске асыруға дейінгі нақты іс-қимыл алгоритмін пысықтау болды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Жиын ерекше білім беру қажеттіліктері (ЕБҚ) бар балаларды сүйемелдеуге тартылған түрлі ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді тетіктерін қалыптастыруға арналды. Кеңес жұмысына психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация мамандары, «сау бала» кабинеттерінің мейірбикелері медициналық ұйымдар басшыларының орынбасарлары, алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметінің мамандары, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінің қызметкерлері, сондай-ақ әлеуметтік қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Қатысушылар бала мен оның отбасына кешенді көмек көрсету жүйесін қалыптастыру мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, баланың дамуындағы ерекшеліктерді ерте анықтаудан бастап, білім беру бағыттарын жүзеге асыру және әлеуметтік қолдау көрсетуге дейінгі барлық кезеңдер қамтылды.
Кездесудің негізгі міндеттерінің бірі — денсаулық сақтау және білім беру ұйымдары арасындағы ақпарат алмасу алгоритмін және іс-қимылды үйлестіруді нақтылау болды. Баланы үздіксіз әрі уақытылы сүйемелдеуді қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды. Бұл оның табысты әлеуметтенуі мен білім алуындағы маңызды факторлардың бірі.
Жиын барысында жұмыстың өзекті бағыттары да қарастырылды. Атап айтқанда, даму ерекшеліктері бар балаларды ерте анықтау және оларды дер кезінде бағыттау, бастапқы буын мамандарының, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар мен білім беру ұйымдарының өзара байланысы сөз болды. Сонымен қатар ПМПК ұсынымдарын білім беру ұйымдарында іске асыру мәселесіне ерекше мән берілді.
Қатысушылар отбасыны сүйемелдеу және оның балаға көмек көрсету процесіне белсенді қатысуын арттыру тақырыбын да қозғады. Ата-аналар мен заңды өкілдерді қолдау оң нәтижеге қол жеткізуде маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.
Сондай-ақ баланың сүйемелдеу жүйесінен шығып қалу қаупі бар «тәуекел нүктелерін» анықтау және оларды жою жолдары талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша тиімді ведомствоаралық байланысты қалыптастыру мамандар жұмысының сабақтастығы мен үйлесімділігін қамтамасыз етудің басты шарты екені айтылды. Өткен кеңес ведомстволар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен олардың отбасыларына уақытылы, жүйелі әрі кешенді қолдау көрсетуге жағдай жасау жолындағы маңызды қадам болды.
