Петропавлда Мағжан Жұмабаев атындағы саябақты абаттандыруға 50-ден астам адам қатысты

Петропавлда Мағжан Жұмабаев атындағы саябақ ретке келтірілді. Жұмыстар «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы аясында өтті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Акцияға 50-ден астам адам қатысты. Белсенділер мен жастар өкілдері саябақ аумағын қыс мезгілінен кейін жиналып қалған қоқыстан тазартты: құрғақ шөптерді, тұрмыстық қалдықтарды жинап, жасыл аймақтарды ретке келтірді. Жиналған қоқыс арнайы қаптарға салынып, сыртқа шығарылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай экологиялық шаралар тек қалалық аумақтардың санитарлық жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға ықпал етеді. Экологиялық мәдениетті арттыру және халықты абаттандыру жұмыстарына тарту – жобаның негізгі міндеттерінің бірі.
«Бүгінгі мақсатымыз – жастарды қоғамдық пайдалы іске тарту және табиғатқа ұқыпты қарауды қалыптастыру. “Таза Қазақстан” жобасы аясында мұндай акциялар жалғасын табады. Айта кету керек, жыл сайын бастамаға қатысушылар саны артып келеді. Бұл жастардың ел болашағына бейжай қарамайтынын және туған жердің тазалығына жауапкершілікпен қарайтынын көрсетеді. Бұл қоғамдағы экологиялық мәдениетті қалыптастыруда маңызды рөл атқарады», – деді Александр Зель.
Абаттандыру шаралары тұрақты түрде, әр апта сайын бейсенбі күндері өткізіледі. Қыс мезгілінде еріктілер жалғызілікті қарттарға қар тазалауға көмектессе, көктем келісімен қалалық аумақтарды санитарлық тазалау мен көркейту жұмыстарына кірісті.
