Солтүстік Қазақстан облысында Есіл өзенінде су деңгейінің тұрақты көтерілуі тіркелуде

Солтүстік Қазақстан облысында Есіл өзеніндегі су деңгейінің тұрақты көтерілуі тіркеліп отыр, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
«Қазгидромет» РМК филиалының мәліметінше, өңірдегі гидрологиялық жағдай әлі де күрделі болып отыр, мұны дауылды ескерту мен су нысандарын күнделікті бақылау нәтижелері растайды.
Жедел ақпаратқа сәйкес, 15 сәуір күні сағат 16:00-де Петропавл қаласындағы Есіл өзенінің гидрологиялық бекетінде су деңгейі 911 сантиметрге жетті. Сонымен қатар Петропавл қаласы маңында қауіпті деңгей — 940 см кезінде (Борки кенті аумағы) су жайылмаға шығу қаупі бар. Сондай-ақ Шөптікөл, Дружба, Тоқсан би, Крещенка, Новониколаевское, Долматово елді мекендеріндегі Есіл өзенінің гидробекеттерінде де су деңгейі өсіп жатыр.
Мамандар мұны өзеннің орта ағысы мен салаларынан келетін еріген қар суларының түсуімен байланыстырады.
«Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданында су деңгейінің одан әрі көтерілуі күтілуде. Ғ. Мүсірепов және Шал ақын аудандары аумағынан келетін ағын су есебінен су деңгейінің көтерілуі байқалады», — делінген хабарламада.
Мамандар өзен жағалауында тұратын тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға және төтенше қызметтердің ресми хабарламаларын қадағалауға шақырады. Қазіргі жағдай тиісті мекемелердің тұрақты бақылауында.
