Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда 32 жаңа пәтердің кілтін СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов табыстады

Петропавлда 32 жаңа пәтердің кілтін СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов табыстады

April 15, 2026 15:17

Петропавл қаласында әлеуметтік осал топтар санатына жататын азаматтарға 32 жаңа пәтердің кілтін салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. «Жас Өркен» шағын ауданында 72 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

Салтанатты рәсімді ашқан облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету — мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

«Мемлекеттің жүйелі жұмысының, барлық тұрғын үй бағдарламаларының қолдауының, жергілікті атқарушы органдардың барлық қаржы институттарымен, ең бастысы “Отбасы банк” қаржы институтымен өзара әрекеттестігінің арқасында сіздердің армандарыңыз шындыққа айналып жатыр. Алдағы уақытта да көптеген отбасылардың өз баспанасына ие болуына жағдай жасау үшін жұмыс істейтін боламыз», — деді өңір басшысы.

Көп жыл бойы баспана кезегінде тұрған азаматтар «Отбасы банк» АҚ бағдарламасына қатысып, депозит ашқан. Жыл сайын тұрғын үй кезегін түгендеу нәтижесінде деректерін тексеріп отырған. Кезекте тұрғандардың ішінде 11 отбасы — I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар, 11 отбасы — мүгедек баласы бар отбасылар, 10 отбасы — көпбалалы отбасылар, 13 адам — жетім балалар.

«Биыл Солтүстік Қазақстан облысында жалға берілетін және несиелік тұрғын үй бойынша рекордтық көлемде баспана беріледі. Әкімдікпен бірлескен жоспарымыз бар — шамамен 700 отбасын пәтермен қамтамасыз ету», — деді «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

22 жастағы Никита Куликов те жаңа үйден төртінші қабаттағы пәтер кілтін алды. Жас жігіт «жетім балалар» санаты бойынша шамамен 10 жыл кезекте тұрған.

«“Отбасы банк” бағдарламасы туралы білдім, ақша жинай бастадым. Кейін “Отбасы банктің” мемлекеттік сыйақысы көп көмектесті. Нәтижесінде осындай кең екі бөлмелі пәтерге ие болдым. Жас кезде бұл — үлкен бақыт», — деді ол.

Shares