Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО-да полицейлер мұздай суға түсіп кеткен 86 жастағы әйелді құтқарып қалды

СҚО-да полицейлер мұздай суға түсіп кеткен 86 жастағы әйелді құтқарып қалды

April 15, 2026 13:42

Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер түнгі уақытта адасып, мұздай суға түсіп кеткен 86 жастағы кейуананы тауып, құтқарып қалды, деп хабарлайды QZ NEWS.

Айыртау ауданының орталығы Саумалкөл ауылының тұрғыны үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Оған алаңдаған, қарауын қадағалап жүрген көршілері кешкі сағат 21:00 шамасында полицияға хабар берген. Бірден іздестіру жұмыстары ұйымдастырылды. Жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары әйелдің аудан орталығынан шамамен 4 шақырым жердегі Баянтай ауылы бағытына қарай жолда көрінгенін анықтады.

Жоғалған адамды қылмыстық полиция бөлімшесінің бастығы Дастан Таласпаев пен жедел уәкіл Аблайхан Қабдушевтен құралған топ тапты.

Сағат 22:00 шамасында теміржол бойын тексеру кезінде полицейлер қараңғыда бұталардың сыбдырын естіген. Дауыстап шақырғанмен ешкім жауап бермеген, тек біраз уақыттан кейін әлсіз дауыс естілген. Есту қабілеті төмен кейуана фонарь жарығын байқап, көмекке шақырған.

Белгілі болғандай, әйел еріген суға толы, қалың өскен жыраға құлап кеткен және тал бұталарына шырмалып, өздігінен шыға алмаған. Суықта ұзақ уақыт болғандықтан әлсіреп қалған.

Полицияның аға лейтенанты Қабдушев ойланбастан мұздай суға түсіп, әйелді иығына салып алып шыққан. Полицейлер оны жылытып, үйіне жеткізді. Бұған дейін ол жоғалып көрмеген, көршілерінің айтуынша, бағыттан адасу белгілері байқалмаған.

Тәртіп сақшыларының жедел әрекетінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік туды. Қазіргі таңда кейуананың жағдайы қанағаттанарлық деп бағалануда.

Shares