Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрына «Академиялық» мәртебе беріледі

Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөз сөйледі. Президент еліміздің тарихи-мәдени мұрасын сақтауға қатысты маңызды норма Қазақстан Конституциясында бекітілгенін атап өтті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі Ақорданың мәліметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы салтанатты жиынға қатысушыларды Мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен құттықтап, бүгінде Қазақстанда ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатқанын айтты.
Президенттің айтуынша, елде мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы бес жылда мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы екі есеге артқан. Ал биылдан бастап өнер қайраткерлеріне берілетін мемлекеттік стипендия көлемі де екі есе ұлғаяды. Өткен жылдың өзінде республика бойынша 61 мәдениет нысаны салынып, 250-ден астам мекеме жөндеуден өтті.
Солтүстік Қазақстан облысы үшін басты жаңалықтардың бірі – өңірдегі жетекші шығармашылық ұжымның мәртебесін көтеру туралы Мемлекет басшысының шешімі болды.
– М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрына және Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония ұйымына «Ұлттық» мәртебе, ал Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрына «Академиялық» мәртебе беру қажет деп санаймын. Бұл шығармашылық ұжымдар еліміздің мәдени мұрасын байытуға өлшеусіз үлес қосып келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мәдениет инфрақұрылымын жаңғырту, шығармашылық ұжымдарды қолдау бағытындағы ауқымды жұмыстар биыл да жалғасын табады.
