Н. Погодин атындағы театр 139-маусымды «Әзілдер» спектаклінің премьерасымен қорытындылады

Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында мерейтой алдындағы 139-театр маусымының жабылу рәсімі өтті. Маусымның қорытындысы ретінде А. Чехов шығармаларының желісі бойынша қойылған «Әзілдер» спектаклінің премьерасы ұсынылды. Іс-шараға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Өткен маусым көрерменнің ыстық ықыласына бөленген премьераларымен, сондай-ақ гастрольдік сапарларымен есте қалды, дейді театрдың педагогикалық бөлім меңгерушісі Юлия Скатова. Театр сахнасына түрлі шығармашылық ұжымдар келіп өнер көрсетсе, облыстық театр труппасы да гастрольдік сапарларға шыққан.
«Маусым өте белсенді өтті және көрерменнің ерекше сүйіспеншілігіне ие болды. Залдарымыз үнемі лық толы болды десек артық емес. Биыл театр жанынан театр сүйер қауым клубы құрылды. Театр күніне орай оның мүшелері ашық оқылым ұйымдастырды. Бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырамыз», – деді ол.
Шығармашылық кеш басталар алдында өңір басшысы жаңа спектакльге арналған көрмені тамашалады. Көрме жасанды интеллект технологияларының көмегімен әзірленген. Онда «Әзілдер» қойылымының үш көрінісі хоррор, аниме және поп-арт стильдерінде бейнеленген.
Айта кетейік, спектакльдің режиссері әрі театрдың көркемдік жетекшісі Тимур Каримжанов. Қойылым қазіргі драматургияның түрлі формаларына деген ирониялық көзқарасты көрсетеді.
Театрдың әдеби бөлім меңгерушісі Павел Рощупкиннің айтуынша, «Әзілдер» спектаклі Антон Чеховтың бірнеше танымал пьесасының негізінде қойылған. Олардың қатарында «Аю», «Мерейтой», «Үйлену туралы ұсыныс», «Үш әпке» және басқа да шығармалар бар. Үш бөлімді біріктіретін басты идея – адамдардың классикалық әдебиеттен қуат алуды үйренуі.
«Әзілдер» – 139-маусымдағы премьералардың бірі ғана. Шығармашылық жыл көрерменге бірнеше жаңа қойылым сыйлады.
«Осы маусымда біз «Ақымақтар» спектаклін, жаңа жылдық «Аладдин» қойылымын және жас көрермендерге арналған «Қызыл-сары әбігерді» ұсындық. Ал маусымның шарықтау шегі – «Әзілдер» спектаклі болды. Барша солтүстікқазақстандық көрермендерді 139-театр маусымының жабылуымен құттықтаймын!», – деп өңір тұрғындарына үн қатты Павел Рощупкин.
