Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда әйелдердің ұлттық дәстүрлер мен отбасы құндылықтарын сақтаудағы рөлі талқыланды

Петропавлда әйелдердің ұлттық дәстүрлер мен отбасы құндылықтарын сақтаудағы рөлі талқыланды

July 27, 2026 11:38

Петропавлдағы Достық үйінде «Қазақстан татар және башқұрт әйелдерінің «Ақ калфақ» кеңесінің ұлттық салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды сақтаудағы және отбасы институтын нығайтудағы рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Іс-шараға Астана, Ақтөбе, Қызылорда, Петропавл және еліміздің өзге де қалаларынан келген 50-ден астам әйел қатысты. Басқосуда отбасы құндылықтарын сақтау, ұлттық дәстүрлерді дәріптеу, рухани мұраны нығайту және әйелдердің қоғамдық белсенділігін арттыру мәселелері кеңінен талқыланды.

Жиынды ашқан Солтүстік Қазақстан облыстық татар-башқұрт қоғамдық «Дуслық» орталығы төрағасының орынбасары Мнира Куспанова іс-шараның дәл Достық үйінде өтуінің ерекше мәні бар екенін атап өтті.

«Біздің Достық үйінде бас қосқанымыздың өзіндік символдық мәні бар. Бұл – бірлік пен өзара түсіністіктің, ұлтаралық келісімнің белгісіне айналған қасиетті орын. Дөңгелек үстеліміз бір шаңырақ астында өтіп, Қазақстан мен Татарстан әйелдерінің отбасы құндылықтарын, ұлттық дәстүрлер мен халықтарымыздың рухани мұрасын сақтау және нығайтудағы рөліне арналды. Осындай кездесу тәжірибе алмасуға және әйелдердің қоғамдық белсенділігін арттырудың жаңа жолдарын табуға зор мүмкіндік береді», – деді Мнира Куспанова.

Ол форумның республиканың түкпір-түкпірінен келген татар және башқұрт диаспорасының өкілдерін бір арнаға тоғыстырғанын ерекше атап өтті.

Ресми бөлімнен кейін қатысушыларға Астана мен Петропавлдан келген вокалдық ұжымдар мен жеке орындаушылардың қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды. Кейін қонақтар «Дуслық» орталығында бейресми жағдайда әңгімелерін жалғастырды.

Shares