Петропавлда PISA зерттеуінің деректерін тәжірибеде қолдану бойынша семинар өтті

Халықаралық PISA зерттеуінің нәтижелерін тек қағаз жүзінде қалдырмай, іс жүзінде қалай қолдануға болады? Бұл мәселе Петропавлда өткен облыстық семинарда талқыланды. Жиынға Солтүстік Қазақстан облысының мектеп директорлары мен педагогтері қатысты, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Семинарды №4 орта мектеп базасында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ның «СҚО бойынша Кәсіби даму институты» филиалы ұйымдастырды. Жиынға мектептердің 85-ке жуық директоры мен директор орынбасарлары, сондай-ақ түрлі пән мұғалімдері қатысты.
Басты назар оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруға және оны дамыту жолдарына аударылды. Атап айтқанда, оқу, математикалық және жаратылыстану-ғылыми сауаттылық, ақпаратпен жұмыс істеу, деректерді талдау, практикалық тапсырмаларды шешу және негізделген қорытынды жасай білу мәселелері сөз болды.
«Өрлеу» орталығы СҚО филиалының директоры Ләйла Алмағамбетованың айтуынша, халықаралық зерттеулердің нәтижелері функционалдық сауаттылық деңгейінің төмендеуі мәселесі әлі де өзекті екенін көрсетеді.
«Зерттеушілер әлемде, сонымен қатар Қазақстанда да функционалдық сауаттылықтың барлық түрі, әсіресе оқу сауаттылығы деңгейінің төмендеп бара жатқанына алаңдаушылық білдіруде».
Ұйымдастырушылар теориямен ғана шектелмей, практикалық бағытқа да басымдық берді. Семинардың тәжірибелік бөлігі тақырыптық секциялар, шеберлік сабақтары және демонстрациялық сабақтар форматында өтті. Педагогтер нақты әдістердің сабақ барысында қалай қолданылатынын көрді.
«Практикалық бөлімде демонстрациялық сабақтарды көреміз. Алдымен мұғалім превью өткізіп, қандай әдісті қолданатынын және оның неге тиімді екенін түсіндіреді. Содан кейін қатысушылар сол әдістің сабақ барысында қалай жүзеге асатынын көреді. Яғни алдымен не істейтінімізді айтып, кейін оны қалай жүзеге асыратынымызды көрсетеміз»,-деді Лейла Алмағамбетова
Семинар аясында оқу және тілдік сауаттылық, ақпаратпен жұмыс, PISA қағидаттары негізінде математикалық және жаратылыстану-ғылыми сауаттылықты дамыту, тәжірибеге бағытталған тапсырмалар және халықаралық зерттеу деректері негізінде білім сапасын басқару мәселелеріне арналған жеке секциялар жұмыс істеді.
