Солтүстік Қазақстан облысының жеті ауданында агрокластар ашылды

СҚО-да оқушылар ауыл шаруашылығы саласымен енді тек оқулық арқылы ғана емес, тәжірибе жүзінде де таныса алады. Өңірде заманауи технологияларды, мамандықтарды және агроөнеркәсіп саласының нақты жұмысын жақынырақ таныстыруға мүмкіндік беретін агрокластар құру жобасы басталды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Жоба аясындағы алғашқы кездесу Kozybayev University-дің агротехнологиялық факультетінде өтті. Жаңа оқу жылында облыстың жеті ауданында агрокластар ашылды. Сабақтар екі бағыт бойынша жүргізіледі: «Агрономия/өсімдік шаруашылығы» және «Мал шаруашылығы».
СҚО білім басқармасының мәліметінше, жоба Қазақстан Республикасында 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспардың 33-тармағы аясында жүзеге асырылуда. Солтүстік Қазақстан облысы оқушыларды аграрлық мамандықтарға ерте кәсіби бағдарлау жөніндегі пилоттық жобаның алаңына айналды.
«Біздің міндетіміз – оқушыларға мектепті аяқтағанға дейін ауыл шаруашылығы саласының қаншалықты қызықты екенін түсінуге мүмкіндік беру. Әңгіме тек мамандықтармен таныстыру туралы емес. Оқушылар практикалық жұмыстарға қатысып, сала мамандарымен тілдеседі және заманауи технологияларды өз көзімен көре алады», – деп атап өтті ведомство өкілдері.
Агрокластардың ерекшелігі – мектептегі кәсіби бағдар беру жұмысы тек дәрістермен шектелмейді. Сабақтарға университет оқытушылары мен ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының мамандары қатысады. Оқушылар үшін шеберлік сабақтары, өндіріс орындарына экскурсиялар және практикалық сабақтар ұйымдастырылады. Сонымен қатар оқушыларға сала қызметкерлері арасынан тәлімгерлер бекітіледі.
Алғашқы кездесуде педагогтер болашақ оқу бағдарламаларының мазмұны мен практикалық дайындық мәселелерін талқылады. «Агрономия және орман шаруашылығы» және «Азық-түлік қауіпсіздігі» кафедраларының оқытушылары мұғалімдерге агротехнологиялық факультеттің зертханаларын көрсетті. Мұнда оқушылар практикалық және зерттеу жұмыстарын жүргізе алады.
Ауыл шаруашылығы негізгі салалардың бірі саналатын өңір үшін мұндай тәсіл мектептегі кәсіби бағдар беруді өндірістің нақты қажеттіліктерімен байланыстыруға мүмкіндік береді. Оқушы агрономның, мал шаруашылығы маманының немесе агроөнеркәсіптік кешеннің басқа да қызметкерінің немен айналысатынын алдын ала көріп, болашақ білім алу бағытын саналы түрде таңдай алады.
Ұйымдастырушылар педагогтер, университет және аграрлық бизнес өкілдерінің кездесулерін тұрақты өткізуді жоспарлап отыр. Алдағы уақытта бұл жүйе оқушының мамандықпен алғаш танысуынан бастап, Солтүстік Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына қажетті болашақ маманды даярлауға дейінгі үздіксіз байланысты қалыптастыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.
