Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » Алматы облысында иттерге арналған панажай иесінің өліміне қатысты қылмыс тергеліп жатыр

Алматы облысында иттерге арналған панажай иесінің өліміне қатысты қылмыс тергеліп жатыр

October 9, 2026 15:26

Алматы облысында «Твардовский дом» атты иттерге арналған панажайдың иесін өлтіру фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Полиция тергеу барысын ерекше бақылауға алды, деп хабарлайды QZ NEWS Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Ер адамның қайтыс болғаны туралы ақпарат алғашында әлеуметтік желілерде жарияланды. Оның таныстары марқұмның қазасына байланысты көңіл айтты. Кейін панажай иесінің кісі қолынан қаза тапқан болуы мүмкін екені туралы хабарламалар тарай бастады. Кейбір жарияланымдарда марқұмның денесінен оқ жарақаттары табылғаны айтылды.

Алматы облысының полиция департаменті ер адамның өлтірілгенін растады.

«7 қазанда полиция қызметкерлері кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтап, ұстауға бағытталған қажетті тергеу және жедел-іздестіру шараларының кешені жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады ведомство өкілдері.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған. Тергеу барысы Алматы облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.

Ер адамның қайғылы қазасымен қатар, тағы бір мәселе туындады. Оның панажайында болған, қазіргі уақытта саны 90-ға жуық ит қараусыз қалды. Әлеуметтік желілерде жарияланған мәліметтерге сүйенсек, «иттер далада, тиісті қоршаусыз, қажетті жағдайлар мен күтімсіз қалған».

Қазіргі уақытта еріктілер мен жануарларды қорғаушылар иттерге жаңа баспана тауып, оларды асырап алатын адамдарды іздестіріп жатыр.

Shares