Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Су мәселесі мен жолдардың жай-күйін Есіл және Айыртау аудандарының тұрғындары «Әділет» партиясының өкілдеріне жеткізді

Су мәселесі мен жолдардың жай-күйін Есіл және Айыртау аудандарының тұрғындары «Әділет» партиясының өкілдеріне жеткізді

October 9, 2026 14:06

Тозығы жеткен су құбырлары, шұрық-тесік жолдар мен әлеуметтік көмекке қатысты мәселелер. Осындай өтініштермен Есіл және Айыртау аудандарының тұрғындары «Әділет» партиясының республикалық мобильді қоғамдық қабылдауына жүгінді. Бір күн ішінде мамандар 50-ден астам адамды қабылдады. Бірқатар мәселе бойынша түсініктеме берілсе, енді біреулері қосымша қарауды және бюджеттен қаржы бөлуді қажет етеді. Бұл туралы QZ NEWS тілшісі хабарлайды.

Есіл ауданының Явленка ауылындағы тұрғындар жаңа су құбырларының құрылысы аяқталғаннан кейін үйлеріне тұрақты су беріледі деп үміттенеді. Өткен ғасырдың 60-жылдары тартылған ескі құбырлар жиі істен шығып, ауыл тұрғындары бір-екі апта бойы сусыз қалатын. Жаңа желілердің құрылысы былтыр басталып, биыл да жалғасып жатыр.

«Бізде құбырлар ай сайын дерлік жарылатын. Былтыр су құбырының жаңа тарату желілерін тарту жұмыстары басталды, биыл да жалғасып жатыр. Белгілі бір бағдарлама бар. Алайда Явленка тұрғындарының басым бөлігі сияқты мені де үйлерге су қалай қосылатыны алаңдатты. Жыл соңына дейін әр үйге сапалы ауызсу беріледі деп үміттенеміз», – деді Наталья Балюк.

Кездесу барысында оған жоба аясында жаңа су құдықтары салынатыны түсіндірілді. Ал құдықтан үйге дейін су құбырын тартуды тұрғындар өздері ұйымдастыруы қажет.

Басқа ауылдарда да шешімін күткен мәселелер бар. Советское ауылында магистральдық су құбырына қосылу жобасына түзетулер енгізіліп жатыр. Имантау ауылында су тарату желілерін салуға қажетті құжаттар дайын болғанымен, әзірге қаржы бөлінбеген. Ал Лобаново ауылында жаңа ұңғыма қазу қажет. Ол үшін алдымен жобалық құжаттама әзірленуі тиіс.

Жолдарды жөндеу мәселесі де өзекті. Корнеевка ауылында 2024 жылы Индустриальная және Целинная көшелерінің үш шақырымын жөндеуге арналған жоба әзірленген. Оның құны – 181,7 миллион теңге. Алайда әлі күнге дейін қаржы бөлінбеген. Сонымен қатар Интернациональная көшесінің екі шақырымын қиыршық таспен төсеуге 37,3 миллион теңге қажет. Лобаново мен Шалқар ауылдарының тұрғындары да жалпы құны 150 миллион теңгеге жуық жол жобаларының жүзеге асуын күтіп отыр. Бұл нысандар бойынша құжаттама дайындалғанымен, қаржы бөлу мәселесі әлі шешілген жоқ.

Сонымен бірге Корнеевка ауылында 2027 жылы бюджет саласының қызметкерлеріне арнап төрт тұрғын үй салу жоспарланған. Сондай-ақ көшелерге жарық орнату жұмыстарын жалғастыру және ауылдық мәдениет үйінің шатырын жөндеуге қажетті құжаттарды әзірлеу көзделген. Бұған дейін жергілікті бюджеттен жолдарды тегістеуге 2,2 миллион теңге бөлінген.

Қабылдау барысында әлеуметтік мәселелер де көтерілді. Ильин ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрайымы Сарбиназ Сычёва денсаулығына байланысты тұрақты күтімді қажет ететін Александровка ауылының егде жастағы тұрғынына көмек көрсетуді сұрады. Зейнеткерді әлеуметтік қызмет көрсету мекемесіне орналастыруға жәрдемдесу жөнінде уәде берілді. Бұдан бөлек, ауыл тұрғындары рецепт бойынша берілетін дәрілердің қолжетімділігі, мектептердің техникалық қызметкерлерінің жалақысын көтеру және мобильді байланыстың сапасы мәселелерін көтерді.

«Әділет» партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі Қалия Туренова тұрғындардың өтініштерін қабылдап қана қоймай, олармен кері байланыс орнатудың да маңызды екенін атап өтті.

«Тұрғын көтерген әрбір мәселе бойынша сапалы жауап берілуі керек. Кейбір мәселелерді жергілікті деңгейде шешуге болады. Мысалы, жеке үйге су тарту. Ал кейбір мәселелерді шешуге облыс деңгейінде қолдау қажет. Атап айтқанда, аудандар мен облыс орталығы арасындағы жолдарды жөндеу мәселесі бар. Бұдан бөлек, республикалық деңгейде қарауды қажет ететін мәселелер де кездеседі», – деді ол.

Мобильді қоғамдық қабылдау Солтүстік Қазақстан облысының төрт ауылында – Явленка, Корнеевка, Лобаново және Шалқарда жұмыс істеді. Тұрғындардың басым бөлігі сумен жабдықтау, жолдарды жөндеу, абаттандыру және әлеуметтік қолдау мәселелерін көтерді. Бірқатар нысан бойынша жобалық құжаттама дайындалғанымен, жұмысты бастау үшін қаржы қажет. Тұрғындар көтерілген мәселелер қағаз жүзінде қалып қоймай, біртіндеп нақты іске айналады деп үміттенеді.

Shares