Петропавловск
+21°C
Главная страница » ҚР Президентінің Жолдауы » Галина Семёнова: «Жолдардың жағдайы отандық жүк тасымалдаушылардың мүмкіндіктеріне тікелей әсер етеді»

Галина Семёнова: «Жолдардың жағдайы отандық жүк тасымалдаушылардың мүмкіндіктеріне тікелей әсер етеді»

November 23, 2026 17:45

Көлік инфрақұрылымын дамыту бизнес қажеттіліктерімен қатар жүруі тиіс. Ал автомобиль жолдарын жаңғырту кезінде жүк тасымалы көлемінің артуы ескерілуі қажет. Мұндай пікірді «СҚО Автокөлік одағы» қауымдастығының төрайымы Галина Семёнова Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында айтылған міндеттерге қатысты білдірді, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы үшін көлік саласының маңызы ерекше. Өңір автомобиль жолдары арқылы еліміздің басқа облыстарымен байланысқан. Ал негізгі күре жолдардың жағдайы кәсіпорындардың, жүк тасымалдаушылар мен сауда ұйымдарының жұмысына тікелей әсер етеді. Сондықтан жол желісін дамыту жоспарлары тек автокөлік жүргізушілері үшін ғана емес, жалпы өңір экономикасы үшін де маңызды.

Галина Семёнова Көкшетау – Петропавл автожолын кеңейту жұмыстарына кірісу жоспарына ерекше назар аударды. Бұл күре жол өңіраралық қатынаста маңызды рөл атқарады. Сала өкілінің пікірінше, оның өткізу қабілетін арттыру жүк тасымалын ұйымдастыруға оң әсер етуі мүмкін. Бұл көлік компанияларына бағыттарды тиімді жоспарлауға, жолдағы уақыт шығынын азайтуға және тапсырыс берушілер алдындағы міндеттемелерін уақытылы орындауға мүмкіндік береді.

«Жүк тасымалы дегеніміз – жүкті бір нүктеден екінші нүктеге жеткізу ғана емес. Әр көліктің артында тапсырыс берушілермен жасалған келісімдер, жеткізу кестесі, кәсіпорындардың жұмысы және адамдар алдындағы жауапкершілік тұр. Егер жол инфрақұрылымы саланың нақты қажеттіліктеріне сай болмаса, осы тізбектің барлық кезеңінде қиындықтар туындайды», – деді Галина Семёнова.

Сонымен қатар көлік жүйесін дамыту тек жол салу мен қайта жаңғыртумен шектелмейді. Жолда отандық жүк тасымалдаушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері де қамтылған. Қазақстандық компаниялар үшін тең жағдайда бәсекелесу, автопаркін жаңарту, жаңа бағыттарды игеру және қызмет көрсету аясын кеңейту мүмкіндігінің болуы маңызды.

Галина Семёваның айтуынша, кәсіпкерлерге түсінікті әрі тұрақты жұмыс ережелері қажет. Артық әкімшілік рәсімдер бизнестің дамуға бағыттай алатын уақыты мен ресурстарын алады. Сонымен қатар мемлекеттік деңгейде қабылданатын шешімдер көлік кәсіпорындарының күнделікті жұмысының ерекшеліктерін ескеруі тиіс.

«Жүк тасымалдаушы жол үстінде қандай қиындықтарға тап болатынын өзгелерден жақсы біледі. Сондықтан саланың мәселелерін жай ғана талқылап қоймай, күн сайын жүк тасымалымен айналысатын мамандарды да осы жұмысқа тарту маңызды. Бизнестің тәжірибесі құжат жүзінде шешім қабылдау кезінде әрдайым байқала бермейтін мәселелерді анықтауға көмектеседі», – деп есептейді қауымдастық төрайымы.

Галина Семёнова Жолдауда белгіленген басым бағыттар көлік саласын одан әрі дамытуға негіз болатынын атап өтті. Бұл Солтүстік Қазақстан облысы үшін географиялық орналасуы мен басқа өңірлермен сенімді көлік байланысын сақтау қажеттілігіне байланысты ерекше маңызды. Жолдардың жай-күйі, бизнесті жүргізу шарттары және көлік компанияларының жаңа талаптарға бейімделу мүмкіндігі бүкіл логистикалық жүйенің тиімді жұмысына тікелей әсер етеді.

Shares