Қызылжар ауданы әкімдігінде гір спортынан әлем чемпиондарына салтанатты түрде құрмет көрсетілді

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының Бескөл ауылындағы әкімдікте халықаралық спорт аренасында өңір намысын абыроймен қорғаған жерлестерді салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Аудан әкімі Бейбіт Исманов гір спортынан кәсіпқой әйелдер арасындағы абсолютті әлем чемпионы Анастасия Беседина мен спорт шеберлігіне үміткер, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионы және Қазақстанның үш дүркін чемпионы Максим Курочкинді жеке құттықтады.
Аудан басшысы спортшыларға табанды еңбегі, жеңіске деген жігері және Қызылжар ауданы мен Солтүстік Қазақстан облысының атын әлемдік деңгейде танытқаны үшін алғыс білдіріп, алдағы уақытта да биік белестерді бағындыруларына тілектестік білдірді.
Кездесудің басты кейіпкері – Новоникольское ауылының Геннадий Зенченко атындағы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Анастасия Беседина. Ол 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлем чемпионатының алтын медалін жеңіп алды. Жас спортшы салмағы 24 келілік қос гірді жұлқа көтеру жаттығуында 78 рет көтеріп, ересектер арасындағы кәсіпқой спортшылар арасында турнирдің үздік нәтижесін көрсетті.
Мектеп жасында болса да, Анастасия халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына ие. Сондай-ақ жасөспірімдер арасында әлем чемпионы әрі рекордшысы, Қазақстан Республикасының он дүркін чемпионы, әйелдер арасындағы елдің абсолютті рекордшысы және Азияның екі дүркін чемпионы.
Анастасия гір спортымен екінші сыныптан бастап айналыса бастаған. Бұған спорт шебері, әпкесі Валентина Бесединаның үлгісі себеп болған. Жаттығуды бастағанына бір жарым жыл өткен соң-ақ ол өз жас санатында елдің ең мықты спортшыларының қатарына қосылды.
