Петропавлда құтқарушылар жылу құбырларының арасына қысылып қалған әйелді аман алып қалды

Петропавлда Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жылу желілерінің құрылымдары арасында қысылып қалған жергілікті тұрғынға көмек көрсетті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Ведомствоның мәліметінше, әйел жылу трассасының құбырларының арасына қысылып қалып, өздігінен шыға алмаған. Оқиға орнына жедел жеткен ТЖД мамандары оны қолжетімділігі қиын жерден абайлап шығарып алып, жедел жәрдем бригадасына тапсырды.
Ведомство өкілдері азаматтарды инженерлік құрылыстардың маңында қауіпсіздік шараларын сақтауға, сондай-ақ қолжетімділігі қиын жерлер мен техникалық коммуникацияларға өз бетінше кіруге тырыспауға шақырады. Кез келген қауіпті жағдай туындаған кезде 112 бірыңғай құтқару қызметіне дереу хабарласу қажет.
