Петропавловск
+21°C
Главная страница » Агро » Алғашқы миллион тонна астық: Қазақстанда егін орағы қалай жүріп жатыр

Алғашқы миллион тонна астық: Қазақстанда егін орағы қалай жүріп жатыр

July 31, 2026 10:51

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров еліміздегі егін орағы науқанының барысына арналған кеңес өткізді. Жиында егін жинау қарқыны, элеваторлардың астық қабылдауға дайындығы және шаруаларды орақ науқанын табысты аяқтау үшін қажетті ресурстармен қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты қаралды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Өңірлер ұсынған мәліметтерге сәйкес, күздік дақылдарды жинау жұмыстары іс жүзінде аяқталды. Орташа өнімділік гектарына 19,1 центнерді құрады. Бүгінгі күнге дейін диқандар 1 миллион тоннадан астам астық бастырып үлгерді. Оның ішінде шамамен 890 мың тоннасы – бидай.

Сонымен қатар көкөніс пен бақша дақылдарын жинау жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда еліміз бойынша 339 мың тонна көкөніс және шамамен 140 мың тонна бақша өнімдері жиналды. Өңірлік әкімдіктердің мәліметінше, дәнді және майлы дақылдар алқаптарының 99 пайызы жақсы жағдайда, бұл егін орағын сәтті аяқтауға мүмкіндік береді.

Егінді сақтау нысандарын дайындауға да ерекше көңіл бөлінуде. Элеваторларда қойма орындарын босату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жаңа өнімді уақытылы әрі кедергісіз қабылдауға мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы министрі егін орағы науқаны министрліктің тұрақты бақылауында екенін атап өтті. Кеңес қорытындысы бойынша әкімдіктерге жанар-жағармай материалдарын уақытылы жеткізуді қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы техникасын, астық кептіру кешендерін, элеваторлар мен қоймаларды толық дайындықта ұстау, сондай-ақ егіс алқаптарындағы жұмыстардың барысын күн сайын бақылап, туындаған мәселелерге жедел ден қою тапсырылды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қатарынан екінші жыл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін бұрын-соңды болмаған мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Жеңілдетілген несиелеу аясында 750 миллиард теңге бөлінді. Бүгінде оның 641 миллиард теңгеден астамы игерілді. Қаржыландырудың ерте басталуы шаруаларға егіс және орақ науқандарына дер кезінде дайындалуға мүмкіндік берді. Қазіргі басты міндетіміз – егін жинау жұмыстарын сапалы ұйымдастырып, оны оңтайлы мерзімде аяқтау», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Shares