Ғ. Мүсірепов атындағы ауданға Еуропадан 165 голштин сиыры жеткізілді

Солтүстік Қазақстан облысы елдегі басты сүт өндіру өңірі ретіндегі мәртебесін нығайтып келеді. Ғ. Мүсірепов атындағы ауданда орналасқан «Буденное-СК» ЖШС-не Еуропадан асыл тұқымды ірі қара малдың алғашқы легі жеткізілді, деп хабарлайды QZ News.
Жаңа тауарлы сүт фермасына Германиядан голштин тұқымды 165 асыл тұқымды тайша әкелінді. 2023 жылдың мамыр айында басталған бұл жоба бүгінде 1 200 басқа арналған заманауи кешенге айналды.
Ферма толықтай автоматтандырылған: малды басқарудан бастап өнім сапасын бақылауға дейінгі барлық үдерістер цифрландырылған.
Инфрақұрылым алдын ала дайындалды: жемшөп қоры қалыптастырылып, жеке құрамажем зауыты іске қосылды, білікті мамандар тартылды.
Жобаның жалпы құны 10 млрд теңгені құрады.

Шетелден әкелінген малдың СҚО-ға дейінгі жолы оңай болған жоқ. Германиядан Бельгия арқылы әуе көлігімен Қарағандыға жеткізіліп, одан әрі арнайы автокөлікпен Ғ. Мүсірепов атындағы ауданға тасымалданды. Голштин тұқымының таңдалуы кездейсоқ емес.
«Бұл тұқым – әлемдегі №1 “сүт машинасы”. Күніне 40 литрге дейін сүт береді. Саладағы барлық әлемдік рекордтар осы голштиндерге тиесілі.
Алғашқы төлдеу наурыз
айында басталады, содан кейін өндіріс көлемін кезең-кезеңімен арттырамыз», – деді кешен басшысы Олег Колодько.
Мұндай нысандардың дамуы ауыл тұрғындарының өміріне тікелей әсер етеді. Қазіргі таңда фермада 25 адам жұмыс істейді, ал жақын уақытта мамандар саны 100 адамға дейін жетеді.
«Буденное-СК» ЖШС өндіріс жөніндегі директордың орынбасары Мағзұм Дюселеков мемлекеттік қолдаудың маңызын атап өтті: облыс тарапынан ӘКК арқылы 3,5 млрд теңге бөлінді, 1 млрд теңге құрылыс-монтаж жұмыстарына бағытталды, сондай-ақ ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінен субсидиялар алынды.

Шаруашылықтың жер қоры 20 мың гектардан асады, бұл мал басын толықтай өз жемшөбімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында сүт өндірумен 118 агроқұрылым айналысады, оның ішінде 50 заманауи кешен бар. Жылына 10 мың тонна сүт өндіруге есептелген «Буденное-СК» жобасы 2023–2024 жылдары 23 млрд теңге бөлінген «СҚО тәжірибесін тарату» ауқымды бағдарламасының бір бөлігіне айналды.
2026 жылдың жазыңа қарай жаңа фермадағы мал басы жобалық қуатқа жетеді деп жоспарлануда. Ол үшін Германия мен Даниядан қосымша асыл тұқымды қашарлар жеткізіледі.
