Петропавловск
+21°C
Главная страница » Агро » «Қазгидромет» СҚО-дағы аграрлық маусымға арналған болжамын ұсынды

«Қазгидромет» СҚО-дағы аграрлық маусымға арналған болжамын ұсынды

May 13, 2026 16:57

«Қазгидромет» РМК Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Қымбат Мерғалымова Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте егіс науқаны кезеңіндегі метеорологиялық жағдай туралы баяндады. Мониторинг жұмыстарын облыс аумағын толық қамтитын 28 бақылау пункті жүргізуде. Бақылаулар астық егілетін аудандар мен жайылымдық жерлерде жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Аграрийлер үшін негізгі факторлардың бірі — ылғал қоры. 10 мамырдағы мәлімет бойынша, топырақтың жыртылатын қабатындағы (0-20 см) ылғал мөлшері аудандардың басым бөлігінде 20-46 мм аралығында болып, қалыпты деңгейге сәйкес келеді. Алайда Есіл және Ақжар аудандарында ылғал тапшылығы байқалады — қор көлемі 7-17 мм. Осындай жағдай осы өңірлердің және Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның бір метрлік топырақ қабатында да тіркелген.

«Мамыр айындағы орташа ауа температурасы +14…+15°С болады деп күтілуде, бұл нормадан 1-2°-қа жоғары (норма: +12,9…+13,7°С). 15 мамырдан бастап жылы ауа массаларының келуіне байланысты түнгі температура біртіндеп +0…+5°С-тан +10…+15°С-қа дейін, күндіз +15…+20°С-тан +25…+30°С-қа дейін көтеріледі. Мамыр айындағы жауын-шашын мөлшері 20-40 мм шамасында болады деп күтілуде, бұл қалыпты деңгейге жуық (норма: 25-39 мм). Жауын-шашын жергілікті сипатта, найзағаймен бірге өтеді. Желдің жылдамдығы жиі 15-20 м/с-қа дейін жетіп, бұл топырақтың кебуіне және облыстың оңтүстік аудандарында шаңды дауылдардың пайда болуына әсер етуі мүмкін», — деді Қымбат Мерғалымова.

Маусым айы да қалыптағыдан жылы болады деп болжанып отыр. Ауа райы құбылмалы болып, температура +15…+20°С пен +25…+30°С аралығында күрт ауытқиды. Маусымның алғашқы онкүндігінде топырақ бетінде үсік жүруі мүмкін. Жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейде, кей жерлерде нормадан жоғары болады деп күтілуде (37-49 мм). Ай бойы жаңбыр, найзағай және желдің 15-20 м/с-қа дейін күшеюі жиі болжанады.

Шілде айында орташа ауа температурасы +18…+20°С болады. Тамызда температура нормадан жоғарылап, +17…+18°С шамасында күтіледі. Жаздың ортасы мен соңында жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейде болғанымен, облыс аумағында біркелкі түспейді.

Shares