СҚО-да 2026 жылы 1 млн гектар майлы дақылдар егіледі

Солтүстік Қазақстан облысы егіс науқанының белсенді кезеңіне өтті. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дәурен Токужинов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте дайындық толық көлемде жүргізілгенін айтты. Топырақ ылғалдылығы қолайлы деңгейде, жұмыстар агротехникалық мерзімдерге сай жүріп жатыр, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Биылғы егіс құрылымы әртараптандыру бағытын көрсетеді. 2026 жылы жалпы егіс алқабы 4,3 млн гектарды құрайды.
«Әртараптандыру аясында дәнді дақылдарға тәуелділікті азайтып, жоғары табысты дақылдардың көлемін арттыру жұмыстары жалғасуда. Осылайша дәнді дақылдар алқабы 100 мың гектарға қысқарып, 2,9 млн гектарды құрайды. Майлы дақылдар 1 млн гектарға, ал малазықтық дақылдар 405 мың гектарға жетеді. Картоп пен көкөніс алқаптары өткен жылғы деңгейде сақталды — тиісінше 8,6 мың және 1,4 мың гектар. Бүгінгі таңда 778,6 мың гектар жерге егін себілді, оның ішінде: дәнді және бұршақты дақылдар — 457,3 мың гектар; майлы дақылдар — 255,5 мың гектар; малазықтық дақылдар — 65,4 мың гектар; картоп — 0,4 мың гектар», — деді спикер.
Егіншілік мәдениетін арттыруға ерекше назар аударылуда. Шаруашылықтар 400 мың тоннадан астам минералды тыңайтқыш енгізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар тұқым шаруашылығын дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.
«Егіс науқанына 455 мың тонна сапалы тұқым дайындалды. Сұрып жаңарту деңгейі 11,2%-дан 12,5%-ға дейін өсті, 56,8 мың тонна элиталық тұқым әзірленді. Егіс жұмыстарының табысты болуының негізгі факторы — техниканың дайындығы. Биыл далалық жұмыстарға 10 мыңнан астам трактор, шамамен 14 мың тұқым сепкіш және 1,5 мың заманауи егіс кешені тартылады. Техниканың дайындық деңгейі 100%. Машина-трактор паркін жаңарту жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы техника жаңарту деңгейі 7% болса, биыл оны 8,5%-ға жеткізу жоспарланған. Жыл ішінде 87,6 млрд теңгеден астам сомаға 3200 техника сатып алу көзделсе, оның 643 бірлігі 26,2 млрд теңгеге сатып алынды», — деді Дәурен Токужинов.
Егіс науқанының уақтылы жүргізілуі үшін өңір толығымен жеңілдетілген дизель отынымен қамтамасыз етілуде. 2026 жылға 59 мың тонна ЖЖМ бөлінген, оның 46 мың тоннасы жөнелтілген. Дизель отынының бағасы ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін литріне 281 теңге, бұл нарықтық бағадан 15% төмен.
Сонымен қатар мемлекет агросекторға ауқымды қолдау көрсетіп отыр. АӨК-ті жеңілдетілген несиелеу көлемі 170 млрд теңгеге жетті. «Кең Дала 2» бағдарламасы бойынша 105 млрд теңге берілді. Саланы субсидиялауға 90 млрд теңге бөлінген, оның ішінде тұқым, пестицидтер мен тыңайтқыштарға арналған қаражат бар. Өндіріс тиімділігі цифрлық технологиялар арқылы артып келеді: дәл егіншілік жүйелері, агродрондар және спутниктік мониторинг.
