Петропавловск
+21°C
Главная страница » Мәдениет » Ғауез Нұрмұхамбетов «Ботай. Ғайып ғалам» фильмін жасаушылармен кездесті

Ғауез Нұрмұхамбетов «Ботай. Ғайып ғалам» фильмін жасаушылармен кездесті

March 4, 2026 12:25

Солтүстік Қазақстан тарихи кино түсірілетін ауқымды алаңға айналып келеді. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов режиссер Андрей Авдеевпен, актерлік құраммен және «Ботай. Ғайып ғалам» жобасының техникалық тобымен кездесіп, болашақ фильмнің шығармашылық тұжырымдамасын талқылады, деп хабарлайды QZ NEWS.

Фильмнің басты мақсаты – Ботай мәдениетінің бірегейлігін көрсету және Қазақстанды жылқыны алғаш қолға үйреткен ел ретінде таныту. Өңір басшысы бұл жоба Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған тарихи-мәдени мұраны сақтау жөніндегі мемлекеттік саясат аясында жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

«Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен өңірде тарихи фильмнің түсірілімі басталды. Осы жобаға ерекше назар аударып, қолдау көрсеткені үшін Премьер-Министрдің орынбасары Аида Балаеваға ерекше алғыс білдіремін», – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Сонымен қатар түсірілім жұмыстары жүріп жатқан кезеңде облыста тағы бір маңызды оқиға – Қазақстан киносы апталығының басталуы болды. Биыл алғаш рет фильм көрсетілімдері тек қалаларда ғана емес, ауылдық елді мекендерде де ұйымдастырылуда. Негізгі мақсат – отандық кинематографияны шалғай аудандар тұрғындарына қолжетімді етіп, ұлттық мәдениетті кеңінен насихаттау.

«Ботай. Ғайып ғалам» фильмінің жарыққа шығуы ұлттық сананы нығайтуға елеулі үлес қосып, Солтүстік Қазақстан облысындағы археологиялық ескерткіштерге туристердің қызығушылығын арттырады деп күтілуде.

Shares