ӘМСҚ балаларға тегін брекет қою бойынша пилоттық жоба жоқ екенін мәлімдеді

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры әлеуметтік желілерде белсенді таралған, МӘМС шеңберінде 18 жасқа дейінгі балаларға тегін импланттар мен брекеттер қою бойынша пилоттық жоба іске қосылды деген ақпаратты жоққа шығарып, ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды QZ NEWS.
ӘМСҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда мұндай пилоттық жобалар жүргізілген жоқ.
«МӘМС жүйесінде халықтың белгілі бір санатына стоматологиялық көмек көрсетілетінін еске салғымыз келеді. Атап айтқанда, балалар шұғыл да, жоспарлы да стоматологиялық қызметтерді ала алады. Оған кариес пен пульпитті емдеу, каналдарды қайта өңдеу, тісті жұлу, периодонтитті емдеу, абсцессті ашу, пластикалық операциялар, пародонт қалталарына санация жасау, сондай-ақ профилактикалық шаралар (фиссураларды герметизациялау, реминерализация, миотерапия және т.б.) кіреді. Сонымен қатар, МӘМС аясында балаларға ортодонтиялық көмек те қарастырылған: туа біткен жақ-бет ақаулары бар балаларға, сондай-ақ аз қамтылған отбасылардың балаларына тіс-жақ аномалиялары болған жағдайда көрсетіледі», – деп түсіндірді ӘМСҚ баспасөз қызметі.
Бұл қызметтер қатарына ортодонт кеңесі, жақ-бет аймағының туа біткен патологиясы бар балаларға арналған ортодонтиялық көмек (тіс-жақ аномалияларын түзетуге арналған аппарат – ортодонтиялық пластинка), ортодонтиялық түзету, кешенді алғашқы тексеру сондай-ақ ортопантомография кіреді.
Туа біткен немесе жүре пайда болған жақ-бет деформациясы бар балаларға медициналық көмек дәрігер-стоматологтың көрсетілімі бойынша амбулаториялық жағдайда немесе стоматологиялық не жақ-бет хирургиялық көмекті жүзеге асыратын медициналық ұйымдарда жақ-бет хирургы арқылы көрсетіледі. Мұның бәрі МӘМС аясында жүзеге асырылады.
Жоспарлы түрде стоматологиялық көмекті балалар мен жүкті әйелдер ала алады. Шұғыл стоматологиялық көмек мына санаттарға көрсетіледі: балалар; жүкті әйелдер; зейнеткерлер мен ҰОС ардагерлері; 1, 2, 3 топтағы мүгедектігі бар адамдар; атаулы әлеуметтік көмек алушылар; жұқпалы және әлеуметтік маңызы бар, айналаға қауіпті аурулары бар пациенттер; 1-топ мүгедектігі бар адамды немесе мүгедек баланы бағып отырған жұмыс істемейтін адамдар; «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналар.
