Ақтөбе маңындағы далада автобус жүргізушісі балаларымен бірге жолаушыларды тастап кеткен

Ақтөбе облысында рейстік автобус жүргізушісі жолаушыларды, оның ішінде балаларды да, Хромтауға жетпей шамамен бес шақырым қалғанда далаға түсіріп кеткен. Бұл туралы QZ NEWS «NewTimes.kz» агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 17 наурыз күні Ақтөбе – Хромтау бағытында болған. Куәгерлердің айтуынша, сағат 17:00-де жолға шыққан автобус жолаушыларды соңғы аялдамаға жеткізбей, кері бұрылып кеткен.
«Ақтөбе – Хромтау рейстік автобусы жолаушыларды қалаға дейін жеткізбеді. Барлығын, соның ішінде кішкентай балаларды да далаға түсіріп, тұманға байланысты деген сылтаумен Ақтөбеге кері қайтып кеткен. Бұл не деген сорақылық? Егер біреу қайтыс болса ше?» – деп хабарлаған редакцияға.
Тасымалдаушы «Qala trans» компаниясы жүргізушінің бұл шешімді өз бетінше қабылдағанын мәлімдеді. Оның әрекеті заңбұзушылық деп танылған.
Компания директорының орынбасары Асқар Сабантаевтың айтуынша, қыс және көктем мезгілдерінде бұл бағытта ауа райының қолайсыздығына — тұман, боран және көрінудің нашарлауына байланысты қозғалысқа шектеулер енгізілуі мүмкін.
Сонымен қатар, ол елді мекеннен тыс жерде, әсіресе балалармен бірге жолаушыларды түсіру қауіпсіздік талаптарына қайшы екенін атап өтті.
«Жүргізушінің бұл шешімді басшылықпен келіспей қабылдағаны анықталды. Бұл — ішкі нұсқаулықтар мен жолаушыларды тасымалдау ережелерін бұзу. Оған қатысты тәртіптік шаралар қабылданады», – деді компания өкілі.
