Бас прокуратура блогерлерге жалған ақпарат үшін жауапкершілік барын ескертті

Қазақстанның Бас прокуратурасы блогерлер мен инфлюенсерлерге жалған ақпарат пен қолдан жасалған медиаконтент тарату үшін жауапкершілік артып келе жатқанын еске салды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Қадағалаушы орган өкілдері 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап елде «Онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама туралы» заң күшіне енгенін атап өтті. Аталған заңда «инфлюенсер немесе блогер» (ақпаратты кәсіпкерлік мақсатта бұқараға тарататын онлайн-платформа пайдаланушысы) және «жалған ақпарат» (шындыққа сай келмейтін немесе деректерді елеулі бұрмалайтын мәліметтер) деген ұғымдар енгізілген.
Заңға сәйкес, онлайн-платформалар қатарына интернет-ресурстар, желідегі бағдарламалық қамтамасыз ету және мессенджерлер – яғни контентті алу, жасау, орналастыру және тарату үшін қолданылатын барлық құралдар жатады.
Азаматтарға ескерту жасалды: кез келген ақпаратпен бөліспес бұрын оның шынайылығына көз жеткізу аса маңызды. Әйтпесе, жалған мәлімет тарату – әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.
Жалған ақпарат жариялағаны үшін 250 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл қарастырылған, бұл – 983 мың теңгеден астам қаражат. Бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қолданылуы мүмкін.
