Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда Мемлекеттік қызметші күніне орай өңірдің үздік мамандары марапатталды

Петропавлда Мемлекеттік қызметші күніне орай өңірдің үздік мамандары марапатталды

June 23, 2026 13:02

23 маусымда Қазақстанда Мемлекеттік қызметшілер күні атап өтіледі. Кәсіби мерекеге орай Солтүстік Қазақстан облысының бірқатар мемлекеттік қызметшілері жоғары наградалармен марапатталды. Салтанатты рәсімге облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев қатысып, марапаттарды табыстады, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

Салтанатты шараны ашқан Руслан Әлішев мемлекеттік қызмет ардагерлерінің еңбегіне ерекше тоқталды. Ол ұрпақтар сабақтастығының маңызын атап өтіп, адалдық, жауапкершілік және әділдік сияқты құндылықтардың кейінгі буынға беріліп келе жатқанын айтты. Сонымен қатар мереке иелерін кәсіби мерекемен құттықтады.

«Мемлекеттік қызмет лауазымнан емес, адамның ішкі мәдениетінен және халқына адал қызмет етуге деген дайындық сезімінен басталады. Құрметті әріптестер, бүгінде мемлекеттік қызметші – билік иесі емес, азаматтардың мәселелері мен сұрақтарын шешуді сеніп тапсырған мемлекеттің өкілі. Сіздерге адал еңбектеріңіз, жоғары кәсібиліктеріңіз және таңдаған істеріңізге деген беріктіктеріңіз үшін алғысымды білдіремін», – деді облыс әкімі аппаратының басшысы.

Айнұр Ақжанова мемлекеттік қызмет саласында 23 жасынан бері еңбек етіп келеді. Оның кәсіби жолының басым бөлігі облыс әкімі аппаратында өткен. Қазіргі таңда ол бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы қызметін атқарады. Мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға қосқан үлесі мен адал еңбегі үшін «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен марапатталды.

«Бұл атақты үлкен жауапкершілікпен алып жүру қажет. Барлық тәлімгерлеріме ерекше алғыс айтқым келеді. Олардың әрқайсысына ризамын. Мен сол кездегі М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін “Құқықтану” мамандығы бойынша тәмамдадым. Облыс әкімі аппаратында тәжірибеден өттім. Мүмкін, сол кезде басшылық мені байқап, тағдырымды осы салаға бағыттаған шығар», – деді марапат иесі.

Мереке күні мемлекеттік қызметшілер ғана емес, олардың табысты жолына үлес қосқан ата-аналары да назардан тыс қалмады. Солардың бірі – Сақып Ғалеева. Ол алғыс хатпен марапатталды. Оның үлкен қызы Ләззат Ғалеева он жылдан астам уақыт бойы облыс әкімдігінде қызмет етіп келеді. Қазіргі таңда сауданы дамыту бөлімінің басшысы.

Сақып Ғалеева қызының жетістігі үшін алған марапат өзі үшін күтпеген сый болғанын айтты.

«Қызым үшін мақтаныш пен қуаныш сезімі кернейді. Төрт қыз тәрбиелеп өсірдік, барлығының жоғары заңгерлік білімі бар. Жолдасым ішкі істер органдарында 30 жыл қызмет етті. Ләззат үлкен қызымыз болғандықтан, оған талап та жоғары болды. Сондықтан ол әрқашан жауапкершілігімен ерекшеленді. Менің ойымша, ол өз орнында жүр. Басшылары мен әріптестері жиі хабарласып, жақсы пікірлерін айтып жатады. Қызым өз жұмысын өте жақсы көреді. Мемлекеттік қызмет пен ана рөлін қатар алып жүр. Ләззаттың екі ұлы бар, олардың бірі – каратэден Қазақстан чемпионы», – деді Сақып Ғалеева.

Айта кетейік, Қазақстанда Мемлекеттік қызметшілер күні ресми түрде 2013 жылдан бері атап өтіледі. Бұл мереке халықтың өмір сүру сапасы мен мемлекеттік басқарудың тиімділігі мемлекетке адал әрі лайықты қызмет ететін мамандардың кәсібилігіне тікелей байланысты екенін тағы бір мәрте еске салады.

Shares