Петропавлда гик-мәдениет пен косплейдің ауқымды фестивалі өтті

Бір күнге «Dostyq Mall» сауда-ойын-сауық орталығының бірінші қабаты заманауи поп-мәдениеттің орталығына айналды. Петропавлда аниме, комикс, бейнеойындар мен танымал сериалдарды сүйетін жүздеген жанның басын қосқан ауқымды арт-жәрмеңке ұйымдастырылды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Жоба облыс орталығында екінші рет өткізіліп отыр. Алғашқы фестиваль 19 сәуір күні Qyzyljar Creative Center базасында өткен болатын. Іс-шараның басты мақсаты – талантты суретшілер мен қолөнер шеберлеріне өз шығармашылығын таныстырып, дамытуға мүмкіндік беру.
– Бұл шараға екі ай бойы дайындалдық. Бізді «Dostyq Mall» әкімшілігі шақырды. Жалпы саны 30-дан астам автор өздерінің бірегей жұмыстарын ұсынды. Қатысушылардың географиясы да кеңейді: бізге Петропавл мен СҚО аудандарынан ғана емес, Алматы қаласы мен Ресейдің түрлі қалаларынан да шеберлер келді. Бірі бисерден жасалған бұйымдарын әкелсе, енді бірі 3D-принтерде басып шығарылған мүсіншелерін ұсынды. Сондай-ақ әртүрлі фандомдарға арналған авторлық төсбелгілер, ашықхаттар мен брелоктар қойылды. Бұдан бөлек, бұл косплейерлер үшін тамаша орта. Сүйікті кейіпкерлерінің костюмдерін тігетін жастар осында келіп, би билеп, араласып, өз өнерлерін көрсете алады, – деді фестиваль үйлестірушісі Святослав Ленгард.
Күні бойы сауда-ойын-сауық орталығында мерекелік көңіл-күй үстем болды. Келушілер ерекше мерч өнімдерін сатып алып, интерактивті квесттерге қатысып, естелік сыйлықтар ұтып алу мүмкіндігіне ие болды.
Әсіресе танымал кино және ойын кейіпкерлерінің егжей-тегжейлі әзірленген костюмдерін киген қатысушылар көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды. Облыс орталығының тұрғындары мен қонақтары олармен белсенді түрде фотосессия ұйымдастырды.
