Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңа Конституция » Жаңартылған Конституция СҚО-дағы мемлекеттік қаржыны басқару жүйесіне қалай әсер етуде

Жаңартылған Конституция СҚО-дағы мемлекеттік қаржыны басқару жүйесіне қалай әсер етуде

June 23, 2026 13:49

Конституциялық реформалар елдің саяси және құқықтық жүйесінде ғана емес, мемлекеттік органдардың күнделікті қызметінде де көрініс табуда, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Негізгі заңдағы өзгерістердің қазынашылық қызметтің жұмысына қалай ықпал етіп жатқаны туралы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік қазынашылық департаментінің басшысы Асқап Сәкіпкереев айтып берді.

Мекеме басшысының айтуынша, жаңартылған Конституция мемлекеттік қызметшілер үшін жұмыс үдерісін ұйымдастыруда және қызмет алушылармен өзара іс-қимыл жасауда маңызды бағдарға айналды.

«Біз үшін, мемлекеттік қызметшілер үшін Конституция – елдің басты құжаты ғана емес, күнделікті жұмысымыздағы негізгі бағдар. Жаңа нормалар бюджет процесіне қатысушылардан жоғары жауапкершілікті талап етеді», – деді Асқап Сәкіпкереев.

Оның айтуынша, өзгерістерге бейімделу үдерісі қазынашылық қызмет көрсету жүйесін одан әрі жетілдіру мен дамытуды қажет етеді.

Спикердің сөзінше, реформалардың маңызды нәтижелерінің бірі – шешім қабылдау жүйесі мен өкілеттіктерді бөлу тетігінің жетілдірілуі. Бұл мемлекеттік органдарға қойылған міндеттерді жедел әрі тиімді орындауға мүмкіндік береді.

«Ақпараттық қауіпсіздік пен цифрлық деректерді қорғау мәселелері ерекше маңызға ие болып отыр. Бұл әрбір мемлекеттік қызметшінің жауапкершілігін арттырады», – деп атап өтті департамент басшысы.

Сонымен қатар енгізіліп жатқан өзгерістер мемлекеттік органдар қызметкерлерінен елеулі күш-жігерді талап етеді. Асқап Сәкіпкереевтің айтуынша, жаңа тәсілдерді енгізу бизнес-процестерді жаңартумен және заман талабына сай жаңа құралдарды меңгерумен қатар жүруде.

«Басты міндет – мемлекеттік қаржыны басқару жүйесінің бюджет қаражатын азаматтардың игілігі үшін тиімді пайдалануын қамтамасыз ету. Ал Конституция қағидаттары республика халқының әл-ауқатын арттыруға ықпал етуі тиіс», – деді ол.

Департамент басшысының пікірінше, конституциялық өзгерістер тек құқықтық жаңару ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік институттардың жұмысын жетілдіруге, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға серпін беретін маңызды қадам болды.

Shares