Кентауда қоқыс контейнерінен нәрестенің мәйіті табылды: полиция анасын іздеуде

Кентау қаласында жаңа туған сәбидің денесі табылғаннан кейін сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды QZ NEWS «NewTimes.kz» агенттігіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта сәбидің анасын анықтауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Полицейлер жақын маңдағы аулаларды тексеріп, бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттеп, көрші үйлердің тұрғындары мен ықтимал куәлардан жауап алып жатыр.
Сонымен қатар мамандар медициналық мекемелерді тексеріп, жақында босанған және медициналық көмекке мұқтаж болуы мүмкін әйелдерді анықтауда.
Тергеу әрекеттері жалғасуда. Тергеу аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады.
Бұған дейін Ақтөбе облысының бір ауылында қоқыс полигонынан пакетке оралған жаңа туған нәрестенің мәйіті табылғаны хабарланған болатын. Аталған дерек бойынша «Жаңа туған нәрестені анасының өлтіруі» бабы бойынша іс қозғалып, алайда кейін сараптама қорытындысы бойынша баланың өлі туғаны анықталып, іс жабылды.
