Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдумда дауыс берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдумда дауыс берді. Ол дауыс беруге Оқушылар сарайы ғимаратында орналасқан №51 референдум учаскесіне келді, деп хабарлайды QZ NEWS Ақорда мәліметіне сілтеме жасап.
Дауыс бергеннен кейін Президент отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді. Журналистерге үндеуінде Қасым-Жомарт Тоқаев референдумның еліміздің болашақ дамуы үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті.
— Баршаңызды құттықтаймын, бүгін еліміз үшін маңызды күн. Конституция — азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін шын мәнінде тарихи құжат, сондықтан оның маңызы ерекше. Жаңа Конституция еліміздің аумақтық тұтастығын, Тәуелсіздігі мен Егемендігін бекітеді. 1995 жылы қабылданған Конституция өз миссиясын атқарды. Біздің мемлекетіміз осы құжат бойынша 35 жыл өмір сүрді, алайда уақыт бір орында тұрмайды. Енді жаңа Негізгі заңды қабылдайтын уақыт келді. Мен де оның дайындалуына белсенді қатыстым, Конституция преамбуласының тұжырымдамасын және бірқатар нормаларды жеке өзім ұсындым. Жаңа Негізгі заң еліміздің игілігі мен болашағына қызмет етеді деп сенемін, — деді Мемлекет басшысы.
Одан кейін Президент конституциялық реформаның негізгі мақсаттары мен міндеттері, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіне қатысты журналистердің бірқатар сұрақтарына жауап берді.
