Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » Мемлекет басшысы жаңа Конституцияны іске асыру туралы Жарлыққа қол қойды

Мемлекет басшысы жаңа Конституцияны іске асыру туралы Жарлыққа қол қойды

March 17, 2026 15:18

17 наурыз күні Ақордада Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдауға арналған салтанатты іс-шара өтті. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияны іске асыру туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды QZ NEWS.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Конституциясына қол қойып, сондай-ақ “2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы” Жарлыққа қол қойды», — делінген Ақорда хабарламасында.

Қол қою рәсімі аяқталғаннан кейін Президент жиналған қауым алдында сөз сөйледі.

«Бүгін сіздер еліміздің тарихында ерекше мәні бар, ел өмірінде өшпес із қалдыратын аса маңызды оқиғаның куәсі болдыңыздар. Мен Мемлекет басшысы ретінде бүкіл халықтың атынан Негізгі заңға қол қойдым. Сонымен қатар Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа да қол қойдым. Енді Халық Конституциясы ресми түрде 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Ал Конституция күнін жыл сайын 15 наурызда ұлттық деңгейдегі мемлекеттік мереке ретінде атап өтетін болдық. Осы орайда барша Қазақстан халқын Негізгі заңның қабылдануымен құттықтаймын!», — деді ҚР Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев референдум халқымыздың бірлігі мен ынтымағының жарқын көрінісі әрі нәтижелі татулықтың символы болғанын атап өтті.

«Азаматтарымыз таңдаған жаңа Конституция Қазақстанның жаңа дәуіріне жол ашады. Қазақстан – берік негізі бар және халықаралық беделі жоғары мемлекет. Еліміз ішкі тұрақтылықты сақтап, басқа халықтармен достық қарым-қатынас орнатып, сенімді түрде алға жылжып келеді. Енді мемлекетіміз жаңа даму кезеңіне қадам басады. Сондықтан бізге ауадай қажет қасиеттер – бірлік пен достық, сабыр мен табандылық, жасампаздық пен ұқыптылық, еңбекқорлық пен сенімділік. Алдымызда биік мақсаттар мен нақты жоспарлар тұр. Сондықтан бәріміз уақыт оздырмай осы міндеттерді жүзеге асыруға кірісуіміз қажет», — деді Мемлекет басшысы.

Shares