Қасым-Жомарт Тоқаев оқу мәдениетін дамытуға арналған арнайы Жарлыққа қол қойылатынын мәлімдеді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарды Ұлттық кітап күнімен құттықтап, жаппай цифрландыру дәуіріндегі әдебиеттің маңызын атап өтті.
Мемлекет басшысы кітаптың құндылықтар әлеміндегі сенімді бағдар болып қала беретінін, ал оқу мәдениеті қайтадан, әсіресе жастар арасында, танымал үрдіске айналып келе жатқанын айтты, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
«Қазіргі заманда кітап ісі ауқымды трансформацияны бастан өткеріп жатыр, дегенмен кітаптар рухани-адамгершілік құндылықтар әлеміне бастайтын сенімді бағдар болып қала береді. Классикалық көркем шығармалар болсын немесе заманауи өзекті мәселелерді қозғайтын жарияланымдар болсын, кітап оқу мәдениетінің біртіндеп қайта оралып, тіпті жастар арасында қайтадан танымал бола бастағанын көріп отырмын. Оқу мәдениеті ұлт сапасының жалпыға танылған көрсеткіші ретінде жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект үстемдік еткен жағдайда халқымыздың мінез-құлық кодексінің ажырамас бөлігі болып қалуы тиіс», – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Instagram парақшасында.
Алдағы екі апта ішінде Мемлекет басшысы оқу мәдениетін дамытуға және оқырман, зияткер ұлт қалыптастыруға жағдай жасауға бағытталған шаралар айқындалатын арнайы Жарлыққа қол қояды.
