Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Халық Кеңесінің құрылатынын жариялады

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Халық Кеңесінің құрылатынын жариялады

January 20, 2026 14:46

Қасым-Жомарт Тоқаев түбегейлі жаңа институт – Қазақстанның Халық Кеңесін құруды жариялады. Бұл орган тек Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Құрылтайдың сабақтастығын сақтапқ қана қоймай, бұрын-соңды болмаған өкілеттіліктерге ие болады, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

«Ассамблея мен Ұлттық құрылтайдың қазақ мемлекеттілігін және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін дәйекті түрде нығайту сияқты міндеттерін осы жаңа органға жүктей отырып, стратегиялық сабақтастықты сақтап қалу өте маңызды деп санаймын. Сонымен бірге, Халық Кеңесі басқа елдердегі консультативті құрылымдардың оң тәжірибелерін ескере отырып құрылатын жаңа мемлекеттік орган болмақ. Оның құрамына барлық этностың, түрлі санаттағы азаматтардың және аймақтардың өкілдері кіреді.», — деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Кеңесте барлық этнос, халық топтары мен аймақтар өкілдік алатынын атап өтті.

«Қазақстанның Халық Кеңесі мемлекетіміздің жоғары консультативтік органы мәртебесіне ие болады. Кеңесті 126 адамнан жасақтап, оған этномәдени орталықтардың 42 өкілін, ірі қоғамдық бірлестіктердің 42 өкілін және мәслихаттар мен аймақтардағы қоғамдық кеңестердің 42 өкілін қосу ұсынылды. Халық Кеңесінің барлық мүшесін Президент тағайындайды. Ал төрағасын оның мүшелері сайлайды. Кеңес төрағасының қоғамдық негізде жұмыс істеп, ротация арқылы тағайындалатын екі орынбасары, сондай-ақ хатшылық меңгерушісі болады. Халық Кеңесіне заң шығаруға бастамашылық ету құқығы берілуге тиіс. Бұл қадам оның мәртебесін айтарлықтай арттыратыны сөзсіз. Жылына кемінде бір рет шақырылатын сессия Халық Кеңесінің жоғары органы рөлін атқарады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Халық Кеңесінің жоғарғы органы жылына кемінде бір рет шақырылатын сессия болады.

«Қазақстан халқы Ассамблеясының этносаралық және конфессияаралық келісім мәселелеріне қатысты негізгі қызметі Кеңеске беріледі. Ішкі саясатты жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу жаңа органның негізгі міндетінің бірі болмақ. Бұл мекеме мемлекеттік идеологияға қатысты мәселелерді, сондай-ақ Конституцияның және еліміздегі өзге де аса маңызды құжаттардың ережелерін түсіндіріп, насихаттау жұмысымен айналысады. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін, мемлекеттік маңызы бар басқа да гуманитарлық форумдарды өткізу де Кеңестің құзыретіне кіреді», — деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Халық Кеңесінің мәртебесі мен қалыптасу тәртібі Конституцияның жеке бөлімінде және арнайы Конституциялық заңда реттелетін болады.

Shares