Қазақстан Республикасының Президенті: «Шектен шыққан алаяқтар ұлттық қауіпсіздігімізге шындап қатер төндіруге айналды»
![]()
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық қауіпсіздік пен қылмысқа қарсы күрес мәселелеріне ерекше назар аударды. Президенттің айтуынша, алаяқтар мен арандатушылардың әрекеті жаңа деңгейге шығып, елдің тұрақтылығына қауіп төндіріп отыр, деп хабарлайды QZ News.
«Шектен шыққан алаяқтар ұлттық қауіпсіздігімізге шындап қатер төндіруге айналды. Медициналық сақтандыру қорында қомақты қаржы қолды болса, сол уақытта «Жедел жәрдем» қызметкерлері мен фельдшерлер алаяқтардың арбауымен наразылық акциясына шығады, әлеуметтік талаптар қояды. Біздің азаматтарымыз алаяқтардың құрбаны болып жатыр. Көптеген адам адал еңбекпен тапқан табысынан айырылуда. Алдауға сеніп, қылмыстық қаржы операцияларының қақпанына түсіп жатыр», – деді Қазақстан Республикасының Президенті.
Ол қазіргі заманда иммиграциялық алаяқтық мәселесі де айтарлықтай ушығып отырғанын атап өтті.
«Еуропа мен АҚШ-та не болып жатқанын баршаңыз көріп-біліп отырсыздар. Бұл мәселе біздің еліміз үшін де өзекті. Себебі уақыт өткен сайын Қазақстан шетелдіктердің жұмыс істеуіне және тұрақтап қалуына қолайлы елге айналып келеді. Құқық қорғау органдары Қазақстан аумағында шетелдіктердің тұрақты тұруын заңдастыру үшін заңсыз құжат әперумен айналысқан алаяқтардың қылмысын әшкереледі», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік немесе экономикалық салада болсын, алаяқтық қылмыстармен күресті күшейту қажеттігін ерекше атап өтті.
«Сондай-ақ ұсақ бұзақылардан, вандалдар мен ұрылардан бастап, ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне және қоғамның тыныштығын бұзғысы келетін арандатушыларға дейін, қысқасы, заң мен тәртіпті бұзғандардың бәрін батыл түрде жауапкершілікке тарту қажет. Бұл – өте өзекті әрі ең басты міндеттің бірі.Цифрландыру үдерісі барлық жерде жаппай жүргізіледі. Сондықтан дербес деректерді заңнамалық тұрғыдан қорғауға, азаматтардың қаржылық және цифрлық сауатын арттыруға ерекше көңіл бөлу керек», — деп атап өтті Тоқаев.
