Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » Қазақстанда оқушыларға арналған жаңа IT-жобалар бастау алды

Қазақстанда оқушыларға арналған жаңа IT-жобалар бастау алды

February 9, 2026 09:00

Қазақстанда мектеп оқушыларына арналған IT саласындағы екі ірі ұлттық жоба – CodeGirls және AI Olymp іске қосылады. Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясында (CPFED) бұл жобалар жас таланттарға беделді халықаралық жарыстарға қатысып, жеңіске жетуге нақты мүмкіндік беретінін айтты, деп хабарлайды QZ NEWS tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

CPFED мәліметінше, қазақстандық оқушылар әлемдік технологиялық олимпиадаларда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. 2025 жылы Қазақстан құрамасы жасанды интеллект бойынша әлемдегі үздік ұлттық құрамалардың қатарына енді. Бейжіңде өткен IOAI 2025 жасанды интеллект олимпиадасында команда жеті медаль жеңіп алды, оның үшеуі – алтын.

Тағы бір маңызды жетістік қыздарға арналған Еуропалық информатика олимпиадасында (EGOI) тіркелді. Ел тарихында алғаш рет қазақстандық оқушы қыздар екі қола медаль иеленді.
CPFED өкілдерінің пікірінше, бұл жетістіктер Қазақстанда IT-мамандарды даярлаудың ұзақ мерзімді жүйесі қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

«Біздің міндетіміз – бағдарламалауға қызығушылық танытатын мектеп оқушылары, студенттер және барлық жастарды IT саласына тартатын тұрақты экожүйе қалыптастыру. Осы арқылы еліміздің түкпір-түкпірінде білім алу мен кәсіби өсуге мүмкіндік ашамыз», – деді Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясының (CPFED) бас хатшысы Данабек Қалиаждаров.

Оның айтуынша, 2026 жылы CPFED CodeGirls және AI Olymp жобалары аясында дарынды оқушыларды іріктеуді жалғастырып, бағдарламалау мен жасанды интеллект бойынша халықаралық жарыстарға қатысатын ұлттық құрамаларды жасақтайды.
CodeGirls – қыз балаларға арналған ұлттық олимпиада. Оның мақсаты – қыздардың бағдарламалауға қатысу үлесін арттыру және IT саласына қадам басуын жеңілдету. Іріктеу кезеңі 15 ақпанда сағат 16:00-де онлайн форматта өтеді. Қорытындысы бойынша финал ұйымдастырылып, үздік 12 қатысушы оқу-жаттығу кезеңіне жолдама алады. Дайындық нәтижесінде 2026 жылы Италияның Чезенатико қаласында өтетін EGOI олимпиадасына қатысатын Қазақстан құрамасы жасақталады.

AI Olymp – 9–12 сынып оқушыларына арналған республикалық жасанды интеллект олимпиадасы. Онлайн іріктеу кезеңі 22 ақпанда өтеді. Жоба іріктеу турынан, финалдан және оқу-жаттығу жиындарынан тұрады. Жеңімпаздар ұлттық құрамаға еніп, 2026 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қаласында өтетін IOAI олимпиадасында ел намысын қорғайды.
CPFED мәліметінше, федерация жаңа буын IT-мамандарын іріктеу мен даярлаудың ашық әрі қолжетімді жүйесін қалыптастырған. Ол еліміздің кез келген өңірінен қатысуға мүмкіндік беретін онлайн кезеңдерді, офлайн турларды, жүйелі дайындықты, бағалаудың ашық критерийлерін және қатысушыларды ұлттық жарыстардан бастап халықаралық деңгейге дейін кешенді қолдауды қамтиды.
Федерацияның барлық іс-шаралары тегін өткізіледі.

«CodeGirls және AI Olymp жобалары қазақстандық оқушыларға халықаралық жарыстарда білімдерін көрсетуге және жаһандық технологиялық ортаға шығуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Данабек Қалиаждаров.

Қатысушыларды тіркеу басталды. Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясының барлық іріктеу турнирлеріне auth.cpfed.kz сілтемесі арқылы өтінім беруге болады. Үздік қатысушылар ұлттық құрамалар қатарына еніп, халықаралық олимпиадаларда Қазақстанның намысын қорғайды.
Фото: Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясының архивінен.

Shares