Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » Қолданыстағы заңнаманы кешенді талдауды және барлық заңдарды жаңа Конституция нормаларын ескере отырып өзектендіруді белгіленген мерзімде аяқтау қажет – Олжас Бектенов

Қолданыстағы заңнаманы кешенді талдауды және барлық заңдарды жаңа Конституция нормаларын ескере отырып өзектендіруді белгіленген мерзімде аяқтау қажет – Олжас Бектенов

April 7, 2026 11:31

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Конституцияны түсіндіру жөніндегі бекітілген іс-шаралар жоспары аясында жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жүргізіліп жатқанын атап өтті, деп хабарлайды QZ NEWS ҚР Үкіметінің ресми Telegram-арнасына сілтеме жасап.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет еліміздің Конституциясын түсіндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Қазіргі таңда Конституциядағы барлық жаңашыл нормаларды түсіндіруге бағытталған жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмысқа сарапшылар мен қоғам қайраткерлері қатысуда», — деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді.

«Мәдениет және ақпарат министрлігіне уәкілетті мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, осы бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыру қажет. Ал Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері халықтың құқықтық сауаттылығын қалыптастыруға арналған кешенді бағдарламаны уақтылы әзірлеуді, сондай-ақ Конституция нормаларын мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындарының үлгілік оқу бағдарламаларына енгізуді қамтамасыз етуі тиіс», — деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар, заңнаманы талдау мен бағдарламалық құжаттарды өзектендіруді аяқтау тапсырылды.

«Белгіленген мерзімде қолданыстағы заңнаманы кешенді талдауды және барлық қолданыстағы заңдар мен бағдарламалық құжаттарды жаңа Конституция нормаларын ескере отырып өзектендіруді аяқтау қажет. Барлық орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдарға іс-шаралар жоспарының орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Shares