Қорғаныс министрлігі әскердегі өлім-жітімге байланысты мәлімдеме жасады

Қорғаныс министрлігі әскердегі өлім-жітімге байланысты мәлімдеме жасап, осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін жедел шаралар кешені қабылданғанын хабарлады, деп жазады QZ NEWS Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
«Биылғы жылдың басынан бері әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты Қорғаныс министрлігінің басшылығы қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына, туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Қарулы Күштер қолбасшылығы болған жағдайдың аса ауыр екенін және әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты жауапкершіліктің толық деңгейін терең түсінеді», – делінген мәлімдемеде.
Қорғаныс министрі Дәурен Қосановтың тапсырмасы бойынша тәрбие жұмысы мен әскери тәртіптің жай-күйіне бақылау күшейтілді. Қару-жарақты пайдалану, сабақтар өткізу, атыс жаттығулары және қызметтік міндеттерді орындау кезінде жарғылық талаптар мен қауіпсіздік шараларының қатаң сақталуы қамтамасыз етілуде.
Барлық әскери бөлімдерге жеке құрамды кешенді психологиялық тексеруден өткізу үшін арнайы комиссиялар жіберілді. Әскери қызметшілердің психикалық жай-күйі мен қызметтік міндеттерді орындауға дайындық деңгейіне қайта бағалау жүргізілуде.
Командалық және сержанттық құрамның жеке жауапкершілігі күшейтілді. Негізгі назар оқыс оқиғалардың алдын алуға және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға аударылып отыр.
Әскери полиция күштерімен жан-жақты тексерулер ұйымдастырылды. Жеке құрамға, соның ішінде қызметтен тыс уақытта да бақылау күшейтілді. Құқықбұзушылықтар мен келеңсіз жайттардың алдын алу үшін тәулік бойғы бақылау және қосымша профилактикалық шаралар енгізілді.
Әскери қызметшілердің туған-туыстарымен тұрақты бейнебайланыс жүйесі құрылды. Бөлімше командирлері ресми арналар арқылы ата-аналармен тұрақты байланыс орнатып отыр.
Оқиғалар бойынша кадрлық және тәртіптік шаралар қабылданды. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, штаб бастығы және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары жауапкершілікке тартылды. Әскери бөлім командирі, оның орынбасары және батальон командирі қызметтерінен босатылды.
Бұған дейін Бас прокуратура Жамбыл облысында мерзімді әскери қызметшінің қаза тапқанын хабарлаған болатын. Қайғылы оқиға сейсенбі күні, 27 қаңтарда болған. Мәліметке сәйкес, мерзімді қызметші «қарумен жұмыс істеу кезінде өлімге әкеп соққан жарақат алған». Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Бұл – биылғы қаңтар айында Қазақстан әскерінде тіркелген мерзімді әскери қызметшінің өліміне қатысты екінші жағдай. Атап айтқанда, 23 қаңтарда Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде қарауыл қызметін атқару кезінде мерзімді қызметші өзіне бекітілген қарудан абайсызда өзіне оқ атқан. Алған жарақаттарының салдарынан ол көз жұмды.
