Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » ҚР Президенті: “Отаншылдық деген ұлы сезім жылтырақ сөзбен, жалған әрекетпен бағаланбауы тиіс”

ҚР Президенті: “Отаншылдық деген ұлы сезім жылтырақ сөзбен, жалған әрекетпен бағаланбауы тиіс”

January 6, 2026 15:10

Мемлекет басшысы «Turkistan» газетіне берген сұхбатында қазіргі қазақстандық патриотизм туралы өз көзқарасымен бөлісті. Оның айтуынша, шынайы патриотизм даурықпа сөздер мен көзбояушылық әрекеттерден тұрмайды, деп хабарлайды QZ NEWS.

«Патриоттар айқайламайды, кеудесін қақпайды, сұхбат таратып, жұрт алдында көз жасын көрсетпейді. Патриоттарға сөзбен жасалатын жасандылық пен театршылдық тән емес. Патриот болу – ел мен отбасының игілігі үшін адал еңбек ету. Қоқыс жинау, ағаш отырғызу, табиғатты аялау, үлкендерді құрметтеу, кішілерге үлгі болу – мұның бәрі де патриотизмнің көрінісі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ел ішіндегі іссапарлар барысында инженерлермен, жұмысшылармен, мұғалімдермен, дәрігерлермен, фермерлермен, әскери қызметкерлермен, мәдениет қайраткерлерімен жиі кездесетінін атап өтті.

«Олар – Отанымыздың нағыз патриоттары! Отан дегеніміз, ең алдымен, тазалық пен тәртіпті сақтауды қажет ететін өз үйің, аулаң немесе көшің. Әлемде мультикультурализмді, этникалық және конфессиялық төзімділікті жақтаушылар мен өзін шынайы патриот санайтын радикалды ұлтшылдар арасында қақтығыс орын алды. Менің ойымша, екі тарап та қателеседі, өйткені Азияда ежелден бері заң мен тәртіпке негізделген бейбіт қатар өмір сүру формуласы – «көркем үйлесім» қалыптасқан. Бұған дейін мен қоғамдық өмірдің маңызды қағидатын – «Әралуандықтағы бірлік» ұстанымын жариялаған болатынмын, ол өзара құрметті, ұстамдылықты және өзін-өзі тәртіпке келтіруді білдіреді. Қайта айтамын: Қазақстан үшін «Заң мен Тәртіп» қағидаты, қылмыс үшін жазаның бұлтартпастығы аса маңызды. Әйтпесе, біз алға қойған барлық жоспарлар мен міндеттерді орындай алмаймыз», – деді Қазақстан Республикасының Президенті.

Shares