«Жазылу жабық»: неге қазақстандықтар ай соңында дәрігерге қаралуға бара алмайды

Айдың соңына қарай емханаларда бейінді дәрігерлерге жазылу тоқтайды, УДЗ мен талдауға жолдама берілмейді. Себебі – «айға арналған жазылу жоспары толды, келесі айдың басында келіңіздер» деген жауап. Бұл туралы QZ NEWS Tengri Health-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Медициналық қызметтерді қаржыландыру саласының сарапшысы Әсел Егімбаева бұл жағдайдың ешқандай ресми «қызмет лимитіне» қатысы жоқ екенін айтады. Мәселе — қаржыда. Барлық медициналық ұйымдар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт жасағанда, жалпы қаржыландыру сомасын 12 айға бөліп жоспарлайды. Клиниктер қаражатты бірден емес, ай сайынғы транштармен алады.

«Мысалы, емхананың айлық жоспары – 10 миллион теңге. Ол осы сомада ғана қызмет көрсетуі тиіс. Егер пациенттер көп келсе, емхана «жазылу жабық» дейді. Осылайша, медициналық көмектің қолжетімділігіне кедергілер туындайды. Өзім де мұндай жағдайға тап болғанмын», – дейді Әсел Егімбаева.
Неліктен емхана көбірек адам қабылдай алмайды? Сарапшының айтуынша, бұған «сызықтық шкала» деп аталатын жүйе себеп. Бұл — медициналық ұйымдар үшін қаржылық шектеу.
«Егер айлық қаржыландыру жоспары 10 миллион теңге болса, ал емхана 11 миллион теңгеге қызмет көрсетсе, қор келісімшарттағы соманың тек 105 пайызын ғана төлейді — яғни 10,5 миллион теңге. Қалған 500 мың теңге емхананың өз есебінен шығады, оны ешкім өтемейді», – дейді сарапшы мысал келтіріп.
Дегенмен, Егімбаеваның айтуынша, қазіргі өзгерістер жағдайды жақсартуы мүмкін.

1 қазаннан бастап Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа бұйрығы күшіне енді. Ол алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесінде қызметтерді төлеу тәртібін өзгертеді. Енді қор алдымен көрсетілген медициналық көмектің сапасын бақылайды, кемшіліктерді анықтап, соған сәйкес қаражаттан шегерім жасайды. Тек содан кейін ғана төлем «сызықтық шкала» бойынша жүргізіледі. Бұрын керісінше болатын. Сарапшы атап өткендей, сызықтық шкала өзі қызмет санын шектемейді — барлығы келісімшарттағы жалпы сомаға байланысты.
Тағы бір өзекті мәселе — емханаларда кейде УДЗ, КТ немесе бейінді дәрігерлер болмайды, бірақ пациенттерді басқа клиникаларға жолдаудың орнына, қызмет көрсетуден бас тартады.
«Шын мәнінде, медициналық ұйымдардың бұлай жасауға құқығы жоқ. Заң бойынша пациент қажетті қызмет бар кез келген клиниканы таңдап, сол жерге жолдама сұрай алады. Емхана жолдаманы беруге міндетті. Пациент сол клиникаға барып, қызмет алады, ал есепшотты қызмет көрсеткен ұйым емес, пациент тіркелген емхана төлейді. Яғни төлем нақты көрсетілген қызметке байланысты жүзеге асады», – деп түсіндірді Егімбаева.
Сөз соңында сарапшы тағы да басты себепті атап өтті: бәрі қаржыландыруға тіреледі. Қай клиника болса да, көрсетілген қызметтің ақшасы тіркелген емхананың бюджеті есебінен алынады. Ал бюджет тапшылығы жағдайында ешкім қаражатын жоғалтқысы келмейді.
