Әйелін және балаларын азаптаған: СҚО-да қамқоршылық органы екі ата-ананы да сотқа берді

Солтүстік Қазақстан облысында Петропавл қаласының қорғаншылық және қамқоршылық органдары отбасын азаптаған, әрі әйелдердің іш киімін киіп, оғаш видеолар түсірген ер адамға қатысты сотқа талап арыз түсірді. Сонымен қатар, оның жұбайының да ата-ана құқығын шектеу сұралып отыр, деп хабарлайды QZ NEWS Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Өткен жылдың қараша айында «НеМолчи.kz» қоры көпбалалы анаға қатысты жасалған жантүршігерлік зорлық-зомбылық фактісі туралы мәлімдеген болатын. Қордың дерегінше, жәбірленушінің күйеуі оны көптеген жылдар бойы ұрып-соғып, азаптаған. Үнемі соққы мен жарақат алу салдарынан әйел мүгедек болып қалған. Ол анасын паналап қашып кеткенімен, кәмелетке толмаған бес баласы әкесімен бірге қалған.
Сондай-ақ, ер адамның балаларына қатысты да агрессивті әрі орынсыз мінез-құлық танытқаны анықталған. Бұған дәлел ретінде ер адамның TikTok желісіне жүктеген видеолары келтіріледі. Бейнежазбаларда ол әйелдердің іш киімін киген күйінде түсірілген.
«Балалар өз бетімен қалған. Әкесі еш жерде жұмыс істемейді, балалардың анасының жәрдемақы алатын картасын тартып алған», — делінген бұған дейін «НеМолчи.kz» қоры таратқан хабарламада.
Бұл жағдайға полиция қызметкерлері назар аударып, қамқоршылық және қорғаншылық органдарының мамандарымен бірге отбасының тұрғылықты жеріне барған. Әйелдің арызы негізінде күйеуіне қатысты отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы заңсыз әрекеттері үшін әкімшілік іс қозғалған.
Нәтижесінде Петропавл қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты ер адамды кінәлі деп танып, бес тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады.
Сонымен қатар, сот оның мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеп, 12 ай бойы әйелінің келісімінсіз жұбайы мен балаларына жақындауына тыйым салды.
Қазіргі таңда бес баланың барлығы СҚО Қызылжар ауданындағы Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында екені белгілі болды. Ата-аналар полицияның арнайы есебіне алынып, олардың ісі кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға жолданған.
Балаларды ата-анасымен қалдыру қауіпті деп таныған Петропавл қаласының білім бөлімі әкесі мен анасына қатысты сотқа талап арыз берген. Екеуі де жұмыссыз және балаларды тәрбиелеу бойынша өз міндеттерін толық атқара алмайды, ал анасы денсаулығына байланысты да шектеулі жағдайда.
«Екі ата-анаға қатысты ата-ана құқықтарын шектеу туралы іс Солтүстік Қазақстан облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының өндірісінде жатыр. Іс жабық режимде қаралады», — деп растады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, бейресми ақпаратқа сәйкес, ата-аналар ата-ана құқықтарын сақтап қалуға тырысып жатыр: жұмысқа орналасуды жоспарлап, пәтерде жөндеу жұмыстарын жүргізуде, оларға волонтерлер көмектесіп жүр. Бұдан бөлек, әке мен ана балаларын барып көрген.
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 79-бабына сәйкес, сот баланың мүддесін ескере отырып, ата-ана құқықтарынан айырмай-ақ, ата-ана құқықтарын шектеу туралы шешім қабылдай алады. Бұл жағдайда бала ата-анасынан уақытша алынады.
Ата-ана құқықтарын шектеуге баланы ата-анасымен бірге қалдыру қауіпті болған жағдайда жол беріледі:
ата-аналарға байланысты емес мән-жайлар бойынша (психикалық ауытқу немесе өзге де созылмалы аурулар, ауыр өмірлік жағдайлар);
ата-аналардың мінез-құлқына байланысты, бірақ ата-ана құқықтарынан айыруға жеткілікті негіздер болмаған кезде.
Егер ата-аналар өз мінез-құлқын өзгертпесе, сот шешімі шыққаннан кейін алты ай өткен соң қамқоршылық және қорғаншылық органы ата-ана құқықтарынан айыру туралы талап қоюға міндетті.
Ата-ана құқықтарын шектеу ата-аналарды баланы асырау міндетінен босатпайды. Екі ата-ананың да құқықтары шектелген жағдайда бала қамқоршылық органының қарауына беріледі. Сот ата-ана құқықтарын шектеген ата-аналарға баламен байланыс жасауға рұқсат береді, егер бұл балаға кері әсер етпесе. Байланыс қамқоршылық органының немесе баланың орналасқан мекемесінің әкімшілігінің келісімімен жүзеге асырылады.
Егер ата-аналардың құқықтары шектелуіне негіз болған себептер жойылса, сот ата-аналардың талап арызы бойынша баланы қайтару және шектеу салдарын жою туралы шешім шығарады.
Айта кетейік, бұған дейін СҚО тұрғыны күйеуінің заңсыз әрекеттері бойынша арыз жазған. Сот шешімі шыққанға дейін ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалған, ал балалар уақытша анасына берілген. Полиция өкілдері бұл дерек бойынша бұған дейін ішкі істер органдарына арыз түспегенін атап өткен.
